$ 457.09 € 508.42 ₽ 5.67

Әлеуметтік көмек кімге беріледі: Үкімет отбасылардың жағдайын бағалаудың жаңа тәсілін енгізбек

Абдрахманов Мағжан
29 қазан 2026, 12:59
Әлеуметтік көмек кімге беріледі: Үкімет отбасылардың жағдайын бағалаудың жаңа тәсілін енгізбек Сурет авторы: finratings.kz

Қазақстанда отбасылардың нақты тұрмыс жағдайын бағалау үшін мемлекеттік органдар мен екінші деңгейлі банктердің цифрлық жүйелері біріктіріледі. Премьер-министр Олжас Бектенов тиісті жұмысты 1 желтоқсанға дейін аяқтауды тапсырды, деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.

Бұл шара мемлекеттік көмекті нақты мұқтаж азаматтарға бағыттау үшін қолға алынып отыр. Еңбек министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен және екінші деңгейлі банктермен бірлесіп, отбасылардың нақты жағдайын барынша есепке алуға мүмкіндік беретін цифрлық жүйелерді біріктіруге тиіс.

Сонымен қатар Отбасының әл-ауқатын бағалау әдістемесін енгізуге және пилоттық жобаны іске қосуға қажетті нормативтік-құқықтық құжаттарды жедел қабылдау тапсырылды. Мемлекеттік қолдаудың жаңа тәсілдері алдымен сынақтан өткізіліп, кезең-кезеңімен енгізіледі.

«Азаматтардың тұрмыс сапасы мен әл-ауқатын арттыру, адам капиталын дамыту және өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуына жағдай жасау басты басымдықтар болуға тиіс. Бұл ретте әлеуметтік реформаларды терең талдаудың негізінде және азаматтардың жағдайын ескере отырып, барынша ойластырып жүргізу қажет», – деді Бектенов.

Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында мемлекеттік көмек шын мұқтаж адамдарға ғана берілуге тиіс екенін айтқан. Ол әлеуметтік қолдаудың жаңа тәсілдері мен ақпараттық жүйелерді алдымен сынақтан өткізіп, содан кейін ғана кеңінен енгізу қажеттігін атап өткен еді.

Үкімет әкімдерге әлеуметтік саясаттағы жаңа тәсілдерді халыққа түсіндіру жұмысын жалғастыруды да тапсырды.

Соңғы жаңалықтар