$ 457.09 € 508.42 ₽ 5.67

Смартфон арқылы ақша табудың заңды жолы: Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған жаңа мүмкіндік

Редакция
29 қазан 2026, 11:06
Смартфон арқылы ақша табудың заңды жолы: Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған жаңа мүмкіндік Сурет авторы: AI Atameken Business

Елімізде цифрлық сала мамандарының қызметін заңнамалық деңгейде реттеу және оларға қолайлы жағдай жасау мақсатында өзін-өзі жұмыспен қамтығандар тізімі жаңа 13 бағытпен толықтырылады. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев хабарлады.

Ведомство басшысының сөзінше, бұл бастама цифрлық саладағы халықтың жұмыспен қамтылуын арттыруға және өңірлердегі тұрғындардың табысын өсіруге бағытталған. Осы орайда елде азаматтарды электронды коммерцияға, цифрлық платформаларға және жасанды интеллект құралдарын пайдалануға үйрететін арнайы пилоттық жобалар іске қосылады.

Оқыту процесін кейіннен жұмысқа орналастырумен байланыстыру мақсатында жұмыспен қамту платформаларымен ықпалдастырылған «upskilling» платформасы әзірленуде. Бағдарлама азаматтарды қайта даярлауға және олардың жаңа цифрлық мамандықтар бойынша еңбек етуіне ықпал етеді.

Сонымен қатар реформа аясында ауылдық жерлердегі кәсіпкерлерді маркетплейстерге қосу, шалғай елді мекендерде тапсырыстарды қабылдау мен беру пунктерін ашу және логистикалық жүйені дамыту жоспарланып отыр.

Еске салсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында цифрлық технологияларды тек тұтыну құралы ретінде емес, табыс табу көзі ретінде де пайдалану қажеттігін атап өтіп, Үкіметке 2026 жылдың соңына дейін цифрлық жұмыспен қамтудың жеңілдетілген құқықтық режимін қалыптастыруды тапсырған болатын.

Соңғы жаңалықтар