$ 457.09 € 508.42 ₽ 5.67

Жәрдемақы алу ережесі өзгерді: Еңбек министрлігі халықтың талабын орындады

Редакция
29 қазан 2026, 10:48
Жәрдемақы алу ережесі өзгерді: Еңбек министрлігі халықтың талабын орындады Сурет авторы: envato.com

Қазақстандықтардың өтініштері мен ұсыныстарын ескере отырып, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі отбасылардың әл-ауқатын бағалау әдістемесіне өзгерістер енгізді. Бұл туралы Үкімет отырысында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев мәлімдеді.

Ведомство басшысының айтуынша, жаңартылған әдістеме шеңберінде халықтың табысы мен ипотеканы қоса алғандағы несиелік міндеттемелерін бағалау тәсілдері қайта қаралды. Сондай-ақ азаматтардың иелігіндегі автокөліктер мен ауыл шаруашылығы техникасының бар-жоғы және олардың жағдайы нақтыланды. Бұдан бөлек, отбасын ұстауға кететін шығындар, жалғыз асыраушы мәртебесі және тұрғын үймен қамтылу көрсеткіштері есепке алынатын болды.

Ағымдағы жылдың желтоқсан айында Отбасының цифрлық картасы мен екінші деңгейлі банктердің жүйелерін өзара ықпалдастыру (интеграциялау) жұмыстары қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ халық арасында реформаның мақсаттары мен оны енгізу тәртібі туралы түсіндіру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді.

Министр 2026 жылдың қараша айында 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап мұқтаждық қағидатын кезең-кезеңімен енгізу тетіктерін жетілдіру жұмыстары толық аяқталатынын хабарлады. Пилоттық жоба алдағы уақытта іске қосылады: қаңтар–ақпан айларында ол жоғары табысы бар азаматтарды, ал ақпан - сәуір айларында ауқатты азаматтарды қамтитын болады.

2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда мұқтаждық критерийі 14 түрлі әлеуметтік жәрдемақы түріне қолданыла бастайды. Бұл тізімге баланың тууына байланысты біржолғы төлем, бала күтімі бойынша ай сайынғы жәрдемақы, сондай-ақ көпбалалы отбасыларға берілетін төлемдер кіреді.

Азаматтардың әл-ауқаты Отбасының цифрлық картасының деректері негізінде бағаланады. Бұған қоса, азаматтардың өз мәртебесін дербес есептеуі үшін eGov Mobile қосымшасында ресми тестілік калькулятор іске қосылған болатын.

Үкімет отырысында Мемлекет басшысының мемлекеттік қолдау шараларын оңтайландыру және олардың атаулылығын арттыру жөніндегі тапсырмалары пысықталып, мемлекеттік көмек азаматтардың өз бетінше әрекет етіп, мұқтаждар санатынан шығуына бағытталған маңызды қадам болуы тиістігі атап өтілді.

Соңғы жаңалықтар