$ 543.24 € 619.89 ₽ 6.78

Арқалықта АН-2 ұшағы суға аударылды

Редакция
04 мамыр 2024 05:34 2273
Арқалықта АН-2 ұшағы суға аударылды

3 мамырда Қостанай облысында Арқалық-Ақсұңқар бағыты бойынша санитарлық рейске ұшқан Ан-2 ұшағы биіктігі күрт төмендеп таяз суға қонған сәтте аударылған. Бұл туралы Көлік министрлігі хабарлады.

Министрліктің мәліметінше, санитарлық рейсті орындамақ болған – "Навигатор" әуе компаниясына тиесілі АН-2 ұшағы. Ол 16:10 уақытында әуеге көтерілген соң, күрт төмендеп, қар суынан пайда болған көлшікке қонарда төңкерілген.

Оқиға орнынан тараған видеоға қарағанда, жолаушыларды медициналық көмек көрсетуге келген жедел жәрдем қызметкерлері суды аяғымен кешіп өткені көрінеді.

"Әуе кемесінің бортында 2 экипаж мүшесі және 3 қызметтік жолаушы болған. Барлық жолаушылар мен экипаж мүшелері Қостанай облысы бойынша Төтенше жағдайлар департаментімен Арқалық қалалық ауруханасына жеткізілді. Алдын ала ақпарат бойынша зардап шеккендер жоқ" делінген министрлік хабарламасында.

Бұл жағдай әуе оқиғасы ретінде тіркеліп, оны азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган тексермек. Оқиғаның себебі анықталып жатыр деді көлік министрлігі.

Соңғы жаңалықтар