$ 447.8 € 516.76 ₽ 5.3

Алматы 2027 жылдан бастап «Сергектен» бас тартуы мүмкін

Абдрахманов Мағжан
14 қыркүйек 2026, 17:23
Алматы 2027 жылдан бастап «Сергектен» бас тартуы мүмкін Сурет авторы: bnews.kz

Алматы билігі 2027 жылдан бастап «Сергек» бейнебақылау жүйесінен бас тартып, басқа жүйеге көшуі мүмкін. Қазір бірнеше нұсқа қарастырылып жатыр, ал түпкілікті шешім арнайы жұмыс тобының қорытындысынан кейін қабылданады. Бұл мәселе Алматы қаласы бойынша Тексеру комиссиясының мемлекеттік аудит қорытындысына арналған отырысында талқыланды, деп хабарлады BES.media.

Қалалық Цифрландыру басқармасы басшысының орынбасары Мейрам Дюсюковтың айтуынша, «Сергекпен» қолданыстағы келісім 2021 жылы жасалған және оның кейбір талаптары қазіргі қажеттілікке сай келмейді.

«Алты-сегіз жыл өткеннен кейін «Сергек» камералары нарықтағы жалғыз шешім емес екенін түсінеміз. Қазір оған бәсекелес бола алатын кемінде алты-сегіз балама бар», – деді Дюсюков.

2027 жылдан бастап бейнебақылау жүйесін дамытуға қатысты өз ұсынысын екі компания берген. Олардың арасында Астанада осыған ұқсас жобаны жүзеге асырған Presight G42 компаниясы бар.

Жаңа жүйе жол қозғалысы ережесін бұзғандарды анықтаумен ғана шектелмеуі мүмкін. Оған көліктердің ауаға шығаратын зиянды қалдықтарын бақылау және бейнежазбаларды сараптау мүмкіндігін қосу көзделіп отыр.

Қазір мәселені прокуратура, полиция, құқықтық статистика органдары, сондай-ақ экономика және экология басқармаларының өкілдері кірген жұмыс тобы қарап жатыр. Оның ұсынысы Алматы әкіміне беріледі. Осыдан кейін «Сергектің» қалада жұмысын жалғастыратыны немесе оның орнына басқа жүйе келетіні шешіледі.

«Сергекке» төленетін қаржы 530 млн теңгеге азайтылмақ

Тексеру комиссиясы жұмыс істемейтін камералар үшін ақы төлемеуді ұсынды. Цифрландыру басқармасының мәліметінше, қазір жеке серіктеске тек жұмыс істеп тұрған кешендер үшін төлем жасалады. Камералардың жағдайы туралы мәліметті полиция департаменті ай сайын беріп отырады.

Бұдан бөлек, 350 аппараттық-бағдарламалық кешеннің кеш іске қосылуына байланысты жеке серіктес алдындағы міндеттемені шамамен 530 млн теңгеге қысқарту жоспарланған.

Келесі келісімде операторға төленетін қаржыны жазылған айыппұлға емес, нақты өндірілген айыппұл көлеміне байланыстыру ұсынылып отыр. Басқарманың пайымдауынша, бұл оператордың істен шыққан камераларды жылдам жөндеуіне ықпал етеді: жұмыс істейтін камера азайған сайын компанияға төленетін қаржы да азаяды.

Әзірге «Сергек» камераларын 2027 жылы міндетті түрде алып тастау туралы шешім қабылданған жоқ. Қала билігі қолданыстағы жүйені жалғастыру немесе оның орнына басқа операторды таңдау мәселесін қарастырып жатыр.

Соңғы жаңалықтар