$ 450.79 € 524.13 ₽ 5.31

Қазақстан неліктен «Евровидение-2027» ән байқауына қатыса алмайды?

Редакция
11 қыркүйек 2026, 15:00
Қазақстан неліктен «Евровидение-2027» ән байқауына қатыса алмайды? Сурет авторы: Европейского вещательного союза

«Хабар» агенттігінің жуырда тапсырған өтінішіне қарамастан, еліміз 2027 жылы Болгарияның Бургас қаласында өтетін халықаралық «Евровидение» музыкалық байқауына қатыса алмайтын болды. Бұл туралы Еуропалық хабар тарату одағы (ЕХТО) ресми түрде хабарлады.

ЕХТО өкілдерінің мәлімдеуінше, Қазақстан географиялық тұрғыдан Еуропалық хабар тарату аймағынан тыс орналасқан, Еуропа Кеңесіне мүше емес және бұл ұйымда ресми бақылаушы мәртебесіне ие емес. Осы себепті «Хабар» агенттігі одаққа толыққанды мүшелік ету критерийлеріне сай келмейді. Десе де халықаралық ұйым отандық арнаның 2016 жылдан бергі қауымдастырылған мүшелігін жоғары бағалайтынын жеткізді.

Айта кету керек, «Хабар» агенттігі 2018–2022 жылдар аралығында «Балалар Евровидениесіне» 5 рет қатысып, екі мәрте екінші орынды иеленген еді. Еліміздің белгілі бір аумағы географиялық Еуропада орналасқанына қарамастан, қауымдастырылған мүшелік ересектер арасындағы бас ән бәйгесіне автоматты түрде қатысуға мүмкіндік бермейді.

Еуропалық хабар тарату одағы өз жарғысының талаптарын қатаң сақтайтынын айтқанымен, географиялық шектеулердің барлық елге бірдей қолданылмауы қоғамда түрлі сұрақ туғызуда. Мамыр айында 4-орын алған Австралия 2015 жылдан бері арнайы шақыртумен қатысып келсе, бұл жазда ЕХТО-ға толыққанды мүше болған Канада келесі жылы алғаш рет бағын сынайды.

 

Соңғы жаңалықтар