$ 450.79 € 524.13 ₽ 5.31

Қазақстандық студенттер АҚШ-та далада қалды

Редакция
11 қыркүйек 2026, 11:08
Қазақстандық студенттер АҚШ-та далада қалды Сурет авторы: Коллаж ИИ / Ulysmedia.kz

АҚШ-қа «Work and Travel» бағдарламасы бойынша барған 200-ге жуық қазақстандық студент Лос-Анджелес қаласында ақшасыз, баспанасыз және көліксіз қалды. Жастардың елге оралар алдындағы демалысын ұйымдастырған турфирма уәде етілген қызметтерді толық орындамай, турды орта жолдан тоқтатып тастаған.

Бұрын жазылған келісімге сәйкес, студенттердің әрқайсысы саяхат үшін компанияға 1100 АҚШ доллары (шамамен 495 мың теңге) көлемінде қаражат төлеген. Бұл суммаға екі қаладағы мейманханада тұру, көлік трансфері және арнайы экскурсиялық бағдарламалар кіруі тиіс болатын. Алайда Сан-Францискодан Лос-Анджелеске бағыт алған автобус жол ортасынан кері бұрылып, қатысушыларды межелі жерге жеткізбестен кетіп қалған.

Салдарынан жастар жат елде далада түнеп, айтарлықтай қиындықтарға тап болды. Екі орындық мейманхана бөлмелеріне алты адамнан орналасуға мәжбүр болып, кейбір студенттер әуежайда түнеген. Тіпті қатысушылардың бірі әуежайда құжаттарын жоғалтып алған. Қалтасында азғантай қаражаты қалған жастар өз ақшаларынан қосымша 600–700 доллар (270–315 мың теңге) аралығында шығын шығаруға мәжбүр болды. Қарағандылық студенттер мен өзге де зардап шегушілер ұйымдастырушылардан барлық шығындарды өтеп, ақшаны қайтаруды талап етуде.

Оқиғаға қатысты ресми мәлімдеме жасаған «Easy Travel» туристикалық компаниясы орын алған жағдайға жауапкершіліктің бір бөлігін өз мойнына алды. Турфирма өкілдері тиісті бақылауды қамтамасыз ете алмағандарын мойындап, тасымалдаушы тараптың бұл шешіміне кейбір қатысушылардың іс-әрекеттері де ықпал еткенін хабарлады. Қазіргі уақытта компания мәселені реттеу үшін байланыс орнатып, тиісті шараларды жүргізіп жатқанын жеткізді.

Сондай-ақ оқиғаға Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі араласты. Қазақстанның Сан-Францискодағы Бас консулдығы жағдайдан толық хабардар және студенттерге құқықтық әрі логистикалық көмек көрсетіп жатыр. Қазіргі таңда зардап шеккен студенттердің бір бөлігі Отанына аман-есен оралып үлгерді, калғандарын елге қайтару бойынша жұмыстар жалғасуда.

Соңғы жаңалықтар