$ 450.79 € 524.13 ₽ 5.31

Жаңаөзенде ауруханаға бөлінген 223 млн теңге жымқырылған

Наурызбек Лесов
11 қыркүйек 2026, 11:03
Жаңаөзенде ауруханаға бөлінген 223 млн теңге жымқырылған Сурет авторы: Sputnik / Владислав Воднев

Жаңаөзенде қалалық аурухананың күйік бөлімшесін ашуға демеушілік көмек ретінде бөлінген 223 млн теңгені жымқыру дерегі анықталды. Қылмыстық іске қала әкімінің бұрынғы орынбасары, аурухана басшысының орынбасары, қор басшысы және жабдық жеткізуші қатысы бар деген күдікке ілінген, деп хабарлады Қаржылық мониторинг агенттігі.

Тергеу мәліметінше, «ӨзенМұнайГаз» АҚ «Жарылқау» қоғамдық қорына күйік бөлімшесін ашу үшін 223 млн теңге бөлген. Бұл қаражатқа медициналық жабдықтың сегіз түрін сатып алып, мамандарды оқыту жоспарланған.

Алайда қор, қалалық аурухана және «AKBS Invest» ЖШС Бірыңғай дистрибьюторды айналып өтіп, небәрі екі күйікке қарсы төсек сатып алуға 210 млн теңгенің шартын жасаған.

ҚМА дерегінше, жабдыққа іс жүзінде 92 млн теңге ғана жұмсалған. Қалған қаражат үлестес компаниялар арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылып, іске қатысушылар арасында бөлінген.

Тергеу мәліметі бойынша, жеткізуші компанияның өкілі қылмыстық жолмен алынған қаражатқа үшінші тұлғалардың атына Астанадан пәтер сатып алған.

Іске қалалық аурухана директорының орынбасары, қоғамдық қор басшысы, Жаңаөзен әкімінің бұрынғы орынбасары және жабдық жеткізуші қатысы бар деген күдікке ілінген. Бұрынғы әкім орынбасарына қатысты өкілеттігін теріс пайдалану дерегі бойынша тергеу басталды.

Үш күдікті қамауға алынған. Олардың үш пәтеріне, екі үйі мен автокөлігіне тыйым салынды.

Қылмыстық іс бойынша тергеу жалғасып жатыр.

Соңғы жаңалықтар