$ 450.91 € 522.69 ₽ 5.33

Трамп Тоқаевты Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығымен құттықтады

Абдрахманов Мағжан
13 қыркүйек 2026, 06:19
Трамп Тоқаевты Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығымен құттықтады Сурет авторы: Ақорда

АҚШ Президенті Дональд Трамп Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай құттықтау хатын жолдады, деп хабарлады Ақорда.

Трамп Қазақстан халқын айтулы мерекемен құттықтап, екі ел арасындағы Кеңейтілген стратегиялық серіктестікті жоғары бағалайтынын жеткізді.

«Мемлекеттеріміз арасындағы Кеңейтілген стратегиялық серіктестікті жоғары бағалаймын және мен президенттік лауазымды атқарған екі мерзімде қалыптасқан берік байланысты одан әрі нығайтамыз деп сенемін», – делінген хатта.

АҚШ Президенті Қазақстанның мәдениеті мен тарихи мұрасына да тоқталған.

«Миллиондаған қазақстандық Астанада және елдің түкпір-түкпірінде 1991 жылы республика Тәуелсіздігі жарияланғаннан бері көздің қарашығындай сақтап, еселей түскен бай мәдениетін, тарихи мұрасын және қайталанбас келбетін ерекше мақтанышпен паш етеді», – деп жазды Трамп.

Сондай-ақ АҚШ басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың көшбасшылығына баға берді.

«Қазақстан халқының бағына орай, Сіз сияқты тегеурінді әрі батыл көшбасшысы бар. Осы қуанышты сәтті сіздермен бөлісу – мен үшін зор мәртебе», – делінген құттықтауда.

Хатқа Дональд Трамптың қолы қойылған. Құжатта 2026 жылғы 25 тамыз деген күн көрсетілген.

Соңғы жаңалықтар