$ 479.82 € 559.9 ₽ 6.15

Қарызы жоқтардың шоты неге жабылды? Мемлекеттік кірістер комитеті түсініктеме берді

Редакция
10 сәуір 2026, 12:49
Қарызы жоқтардың шоты неге жабылды? Мемлекеттік кірістер комитеті түсініктеме берді Сурет авторы: Central Media 24

Қазақстанда салық берешегі жоқ азаматтардың банк шоттары негізсіз бұғаттала бастады. Мемлекеттік кірістер комитеті бұл жағдайдың жаңа автоматтандыру жүйесін енгізу кезінде кеткен техникалық қателіктен болғанын мәлімдеді.

Камералдық бақылау процестерін толық автоматтандыру мақсатында енгізілген жаңа әдістеме күтпеген кедергіге тап болды. Жүйедегі ақау салдарынан ешқандай қарызы жоқ салық төлеушілердің де шоттарына заңсыз шектеу қойылған. Бұл мәселеге алғашқылардың бірі болып кәсіби бухгалтерлер назар аударып, зардап шеккендердің қарасы көп екенін жеткізді.

Мемлекеттік кірістер комитеті қателіктің адам факторын азайтуға бағытталған жұмыстар барысында орын алғанын түсіндірді.

«Жаңа әдістемені енгізу кезінде қателік анықталып, соның салдарынан жекелеген хабарламалар бойынша банк шоттары негізсіз тоқтатылды», - делінген ресми хабарламада.

Қазіргі таңда қателік толығымен жойылды. Комитет мамандары бұған дейін заңсыз жіберілген бұғаттау өкімдерін кері қайтарып жатыр. Барлық жұмыстар 10 сәуірге дейін аяқталады деп жоспарлануда. Ведомство келтірілген қолайсыздықтар үшін азаматтардан кешірім сұрап, қазіргі уақытта жүйенің штаттық режимде жұмыс істеп тұрғанын хабарлады.

 

 

Соңғы жаңалықтар