$ 479.82 € 559.9 ₽ 6.15

Туды пайдаланудың жаңа стандарттары қандай?

Редакция
10 сәуір 2026, 11:55
Туды пайдаланудың жаңа стандарттары қандай? Сурет авторы: Informburo, AI

Қазақстанда мемлекеттік рәміздерді пайдалану тәртібіне ауқымды өзгерістер енгізілмек. Мәдениет және ақпарат министрлігі дайындаған қаулы жобасы қазіргі таңда «Ашық НҚА» порталында 23 сәуірге дейін жария талқылауда тұр.

Бұдан былай қатардағы азаматтар мен заңды тұлғаларға мемлекеттік туды ғимараттарда, тұрғын үйлер мен балкондарда емін-еркін ілуге рұқсат беріледі. Тіпті, отбасылық мерекелер мен салтанатты шараларда да көк байрақты қолдану құпталмақ.

«Бұл патриотизмді «жоғарыдан мәжбүрлеу» емес, «төменнен қолдау» форматына көшіруге мүмкіндік береді», - деп түсіндірді министрлік өкілдері.

Дегенмен эстетикалық бірізділік үшін балконға ілінетін ту 45 градус бұрышпен орнатылуы тиіс. Ал жеке үй иелері үшін тудың биіктігі 3 метрден кем болмауы керек деген арнайы норма енгізілмек. Түнгі уақытта жарықтандыру міндетті емес.

Жаңа ереже бойынша мемлекеттік ту тек әкімдіктер мен министрліктерде ғана емес, барлық білім беру, медициналық және спорттық ұйымдарда (меншік нысанына қарамастан) тұрақты түрде орналасуы тиіс. Сондай-ақ, мемлекет үлесі бар барлық ұлттық холдингтер мен компаниялардың кеңселерінде де ту тұрақты ілініп тұруы міндеттеледі.

Жобада туды қорғау мәселесі егжей-тегжейлі жазылған:

• Тудың жерге, суға немесе еденге тиюіне жол берілмейді.

• Мемлекеттік туды киім, перде, төсек-орын ретінде немесе жарнама мақсатында пайдалануға тыйым салынады.

• Кірлеген, тозған немесе түсі оңған туды пайдалануға болмайды.

Сонымен қатар қазақ тіліндегі мәтінде «Мемлекеттік Гимн» терминін «Мемлекеттік Әнұран» деп өзгерту ұсынылды. Гербтің де нақты өлшемдері (трибуналарда 25 см, құжаттарда 2,5 см) бекітілмек.

Бұл бастамалар халықтың мемлекеттік нышандарға деген құрметін арттырып, оларды күнделікті өмірде мақтанышпен қолдануына жағдай жасамақ.

Соңғы жаңалықтар