$ 460.37 € 531.87 ₽ 5.82

Иранның Жоғарғы көсемі ес-түссіз жатыр

Абдрахманов Мағжан
07 сәуір 2026, 16:58
Иранның Жоғарғы көсемі ес-түссіз жатыр Сурет авторы: Tasnim News Agency

Британдық The Times басылымы Иранның жоғарғы жетекшісі Мұжтаба Хаменеи ауыр жағдайда ес-түссіз жатқанын хабарлады. Ақпарат дипломатиялық жазба мен АҚШ және Израиль барлау деректеріне сүйеніп жарияланған.

Басылым мәліметінше, ол Құм қаласында ем қабылдап жатыр және қазіргі уақытта мемлекеттік шешімдер қабылдауға қатыса алмайды. Сондай-ақ бұл – оның нақты орналасқан жері алғаш рет жария түрде аталған жағдай екені айтылды.

Бұған дейін Reuters агенттігі 11 наурызда ирандық шенеунікке сілтеме жасап, Хаменеи соғыс басталған алғашқы күндері жараланғанын хабарлаған. Сол шабуыл кезінде оның әкесі Әли Хаменеи, анасы, жұбайы және ұлы қаза тапқаны айтылған.

Associated Press 12 наурызда Хаменеи тағайындалғаннан кейін алғашқы мәлімдемесін жасағанын, алайда ол телеэфирде өзі көрінбей, мәтінді жүргізуші оқығанын жазған. Сол кезде оның жағдайы мен орналасқан жері туралы ақпарат жарияланбаған.

31 наурызда Reuters Ресейдің Ирандағы елшісіне сілтеме жасап, Хаменеи ел аумағында екенін, бірақ қауіпсіздік себептерімен көпшілік алдына шықпай жүргенін хабарлаған. Ал Иран билігі соңғы күндері оның тірі және жағдайы жақсы екенін мәлімдеп келеді.

The Times мәліметінше, Иран билігі Әли Хаменеиді жерлеу рәсімін кейінге қалдырған. Бұл шешімге рәсімге қатысатын адамдар санының көп болатыны себеп болғаны айтылған.

Айта кетейік, 8 сәуірде Әли Хаменеи қайтыс болғанына 40 күн толады. Бұл шиит дәстүрінде аза тұту кезеңінің аяқталуын білдіреді.

 

Соңғы жаңалықтар