$ 479.82 € 559.9 ₽ 6.15

Енді жертөлелер мен паркингтер бункер ретінде салынады

Абдрахманов Мағжан
08 сәуір 2026, 10:58
Енді жертөлелер мен паркингтер бункер ретінде салынады Сурет авторы: Sputnik / Тимур Батыршин

Қазақстанда төтенше жағдайлар кезінде халықты қорғауға арналған жаңа стандарт бекітілді. Құжатқа сәйкес, жертөлелер, жерасты паркингтері және басқа да терең орналасқан нысандар паналау орындарына бейімделеді.

Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, жаңа стандарт 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енген. Ол табиғи, техногендік және әскери сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде халықты қорғау үшін жерасты кеңістіктерін пайдалануға қойылатын талаптарды айқындайды.

Ведомствоның хабарлауынша, әлемдік тәжірибеде жертөлелер, жерасты өткелдері мен метро кеңінен қолданылады. Қазақстанда да мұндай нысандар азаматтық қорғаныс құрылымдары ретінде пайдаланылуы мүмкін.

Құжатта құрылыс конструкцияларына, жоспарлауға, сондай-ақ тіршілікті қамтамасыз ету жүйелеріне – желдету, су және электрмен жабдықтау, санитарлық жағдай және байланысқа қойылатын талаптар көрсетілген. Сонымен қатар ғимараттардың техникалық жағдайын бағалау және оларды күшейту шаралары қарастырылған.

Жаңа стандартты Сауда және интеграция министрлігі төтенше жағдайлар, қорғаныс, экология ведомстволарымен бірлесіп бекіткен. Құжатта қажет болған жағдайда нысандарды қайта жабдықтау және олардың беріктігін арттыру тетіктері де қамтылған.

Мамандардың айтуынша, мұндай талаптар халықаралық қауіпсіздік тәжірибесіне сай келеді және халықты қорғау жүйесін жетілдіруге бағытталған. Мәселен, Украинада соғыс жағдайында метро мен жертөлелер халықтың бас сауғалайтын орнына айналса, Иран мен Израильде де жерасты нысандары ракеталық шабуылдар кезінде стратегиялық маңызға ие.

 

Соңғы жаңалықтар