$ 479.82 € 559.9 ₽ 6.15

Алматыда төрт айда 850 мың жол ережесін бұзу дерегі анықталды

Редакция
08 сәуір 2026, 12:22
Алматыда төрт айда 850 мың жол ережесін бұзу дерегі анықталды Сурет авторы: informburo.kz

Мегаполисте жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары күшейтілді. Жыл басынан бері қала жолдарында 850 мыңға жуық құқық бұзушылық тіркелген. Бұл туралы Алматы қалалық Полиция департаментінің бастығы Айдын Қабдулдинов мәлімдеді.

Департамент басшысының айтуынша, көлік ағыны тығыз мегаполис үшін жол тәртібін сақтау — басты басымдық.

«Жолдағы әрбір ережені бұзу - адам өмірі мен денсаулығына төнген қауіп. Біздің міндетіміз тек заң бұзушылықты анықтау ғана емес, барлық қатысушылар арасында жауапты мінез-құлық мәдениетін қалыптастыру», - деп атап өтті А. Қабдулдинов.

Төрт айдың ішінде полиция қызметкерлері келесідей өрескел заң бұзушылықтарды анықтады:

• 700-ден астам - көлікті мас күйінде басқару дерегі;

• 724 жағдай - көлік жүргізу құқығы жоқ тұлғалардың рөлге отыруы;

• 960 дерек - бұрын жүргізуші куәлігінен айырылғандардың қайта рөлге келуі.

Сонымен қатар жалған нөмірлерді пайдалану және қарсы бағытқа шығу сияқты адам өміріне тікелей қауіп төндіретін заңсыздықтар тоқтатылды.

Тәртіп сақшылары тек жүргізушілерді ғана емес, жолдардың сапасын да бақылауда ұстап отыр. Жыл басынан бері көше-жол желісіне 670 тексеру жүргізіліп, 600-ден астам нұсқама берілді. Жолдың жай-күйіне жауапты 42 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Полиция департаменті 21 наурызда Мендіқұлов көшесінің қиылысында болған жойқын апат туралы мәліметті еске салды. «Mercedes» және «Zeekr» көліктерінің соқтығысуы салдарынан «Mercedes» жүргізушісі мен екі жолаушысы (әйел адамдар) оқиға орнында қаза тапты.

Соңғы жаңалықтар