$ 479.82 € 559.9 ₽ 6.15

Елімізде мұғалімдердің білімін бағалау сынағы алып тасталды

Редакция
08 сәуір 2026, 11:50
Елімізде мұғалімдердің білімін бағалау сынағы алып тасталды Сурет авторы: Gov.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Қазақстанда педагогтердің пәндік білім деңгейін бағалау (ПББ) рәсімі толығымен тоқтатылды. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова ресми мәлімдеме жасады.

Тиісті бұйрық еліміздің барлық өңірлеріне жолданып, ресми түрде күшіне енді.

Министр Жұлдыз Сүлейменова бұл шешімді ұстаздар қауымына көрсетілген зор сенім мен қолдаудың белгісі деп бағалады:

«Құрметті педагогтер! Мемлекет басшысының тапсырмасымен мұғалімдердің пәндік білімдерін бағалау (ПББ) тоқтатылды. Меніңше, Президент тарапынан бұл шешім сіздерге деген үлкен қамқорлық пен жоғары сенімді білдіреді. Баршаңызды осы жағымды жаңалықпен құттықтаймын!»

Бұған дейін ПББ (Пәндік білімді бағалау) аттестацияның ажырамас бөлігі болып келген. Тестілеу мұғалімдердің кәсіби құзыреттілігін анықтау үшін үш бағыт бойынша жүргізілетін:

• «Педагогика» — 30 сұрақ;

• «Оқыту әдістемесі» — 20–30 сұрақ;

• «Пәндік білім» — 50 сұрақ.

Аталған тест нәтижелеріне байланысты педагогтерге «педагог-модератордан» бастап «педагог-шеберге» дейінгі біліктілік санаттары беріліп, тиісті үстемақылар төленетін.

Бұл шешім білім беру саласындағы бюрократияны азайтуға және мұғалім мәртебесін нығайтуға бағытталған маңызды қадам ретінде бағаланып отыр. Енді педагогтер негізгі назарын тест тапсыруға емес, оқу-тәрбие процесінің сапасын арттыруға аудара алады.

Соңғы жаңалықтар