$ 470.46 € 543.1 ₽ 5.86

МӘМС қаражатын жымқыру бойынша 14 іс тергеліп жатыр

Абдрахманов Мағжан
06 сәуір 2026, 16:49
МӘМС қаражатын жымқыру бойынша 14 іс тергеліп жатыр Сурет авторы: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элимановты қабылдады. Президентке агенттік қызметінің негізгі нәтижелері мен алдағы кезеңге арналған міндеттер туралы есеп берілді.

Жанат Элимановтың айтуынша, бюджет шығыстарына жүргізілген мониторинг барысында мал шаруашылығы саласына бөлінген 30 млрд теңге субсидияны тиімсіз пайдалану тәуекелдері анықталған. Сонымен қатар ғылыми зерттеулер мен ғылыми-техникалық нәтижелерді коммерцияландыруға бағытталған 10 млрд теңгеден астам қаражаттың мақсатсыз жұмсалу белгілері анықталған.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) қаражатын жымқыру фактілері бойынша 14 сотқа дейінгі тергеу басталған. Ал құрылыс саласында 5,3 млрд теңгені заңсыз иемдену әрекеттеріне қатысты 21 қылмыстық іс қозғалған.

Сондай-ақ алаяқтықтың алдын алу бағытында 17 қаржы пирамидасының қызметі тоқтатылып, банктер мен байланыс операторларының атын жамылып фишингтік SMS-хабарламалар таратқан топ әшкереленген. Жалпы аудиториясы 25 мыңнан асатын 3,7 мың алаяқтық сайт пен 22 топтық чат жабылған. Сонымен бірге 400-ден астам жалған құрылыс компаниясының бірінші санаттағы лицензияны заңсыз алуына жол берілмеген.

Қылмыстық табыстарды жылыстатуға қарсы күрес аясында дроп-карталарға қатысты 14 сотқа дейінгі тергеу басталған. Олардың шоттарындағы қаржы айналымы 13 млрд теңгеден асқан. «Көлеңкедегі» тұлғалардың атына рәсімделген 68 мыңнан астам карта бұғатталған.

Бұдан бөлек, қаржы пирамидалары, онлайн-казино және алаяқтықтан түскен табысты жылыстатумен айналысқан үш жасырын криптоайырбастау қызметінің жұмысы тоқтатылып, заңсыз онлайн криптоайырбастау сервистеріне кіруге арналған 483 сілтеме жойылған.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы агенттіктің негізгі бағыттары бойынша бірқатар нақты тапсырма берді.

 

Соңғы жаңалықтар