$ 466.33 € 538.47 ₽ 5.9

Алматыда самокаттардың жартысына жуығы айыптұраққа қойылды

Абдрахманов Мағжан
07 сәуір 2026, 13:27
Алматыда самокаттардың жартысына жуығы айыптұраққа қойылды Сурет авторы: Tengrinews.kz / Алихан Сариев

Алматыда 11 мыңнан астам электросамокат айыптұрақтарға жеткізілді. Бұл туралы қалалық жол қозғалысын ұйымдастыру және жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Ержан Диханбаев мәлімдеді.

Оның айтуынша, 27 наурыздан бастап қала көшелеріне кикшерингтің төрт сервисі шыққан. Жалпы Алматыда 22,5 мың самокат орналастырылған. Соның нәтижесінде олардың жартысына жуығы айыптұрақтарға әкетілген.

Қала билігінің мәліметінше, электросамокаттар жол қозғалысы үшін өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Әсіресе олардың жылдамдығын бақылау қиын. Сонымен қатар GPS жүйесіндегі 30 метрге дейінгі қателік құрылғылардың қозғалысын нақты бақылауға және арнайы аймақтарды дұрыс реттеуге кедергі келтіреді.

Алматы әкімдігі 2026 жылы кикшеринг саласында тәртіпті күшейтуді жоспарлап отыр. Осы мақсатта қалада шамамен 5 мың арнайы тұрақ орны жабдықталмақ. Бұдан бөлек, 55 шақырым веложол салу көзделген.

Сондай-ақ тұрғындар самокаттарға қатысты заңбұзушылықтар жөнінде шағым қалдыра алатын Telegram-бот іске қосу жоспарланған.

Соңғы жаңалықтар