$ 479.82 € 559.9 ₽ 6.15

Биыл Жеңіс күніне орай әскери шеру өткізіле ме?

Редакция
08 сәуір 2026, 14:37
Биыл Жеңіс күніне орай әскери шеру өткізіле ме? Сурет авторы: GOV.kz

Биыл Қазақстанда Жеңіс күніне орай әскери парад өткізу жоспарланбаған. Бұл ақпаратты ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі ресми түрде растады.

Министрліктің мәліметінше, салтанатты сап түзеудің орнына ел аумағында түрлі әскери-патриоттық бағыттағы іс-шаралар ұйымдастырылады. Олардың қатарында:

• Ерлік сабақтары мен ардагерлерді құрметтеу рәсімдері;

• Әскери оркестрлердің шеруі және шығармашылық ұжымдардың өнер көрсетуі;

• Экологиялық акциялар мен «Сарбаз ботқасы» дәстүрлі шарасы;

• Әскери техника мен қару-жарақ көрмелері, сондай-ақ ашық есік күндері бар.

Бұл шаралар жастардың отансүйгіштік рухын оятып, еліміздің Қарулы Күштеріне деген құрметін арттыруға бағытталмақ.

Айта кетейік, өткен жылы елордада 2020 жылдан бері алғаш рет Жеңістің 80 жылдығына арналған ауқымды әскери парад өткен болатын. Ол салтанатты шараға Қазақстан Қарулы Күштерінің барлық түрлерінен 4 мыңнан астам әскери қызметші қатысқан еді.

Биылғы шешім бюджет қаражатын үнемдеу және өзге де басымдықты міндеттерді орындау мақсатында қабылданғаны айтылуда.

Соңғы жаңалықтар