$ 466.33 € 538.47 ₽ 5.9

Әл-Фарабидегі апат: Zeekr жүргізушісі тергеу изоляторына қамалды

Абдрахманов Мағжан
07 сәуір 2026, 10:35
Әл-Фарабидегі апат: Zeekr жүргізушісі тергеу изоляторына қамалды Сурет авторы: видеодан кадр

Алматыда үш адамның өліміне себеп болған жол-көлік оқиғасы бойынша күдікті Zeekr көлігінің жүргізушісі тергеу изоляторына жеткізілді. Бұл туралы қалалық полиция департаменті хабарлады.

Полиция мәліметінше, күдікті бұған дейін медициналық мекемеде күзетпен жатқан. Кейін сот санкциясымен қамауға алынып, тергеу изоляторына этапталған.

Ішкі істер министрлігінің дерегіне сәйкес, жол апаты фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Алдын ала мәлімет бойынша, жүргізуші апат кезінде мас күйде болған.

Сонымен қатар іс аясында полиция қызметкерінің әрекетсіздігі және мемлекеттік нөмірлерді заңсыз беру фактілері бойынша бөлек қылмыстық істер қозғалған. Бұл эпизодтарды ІІМ-нің ішкі қауіпсіздік қызметі тексеріп жатыр.

Тергеу барысын бақылау үшін Алматыға ІІМ-нің арнайы комиссиясы жіберілген. Оның құрамына ішкі қауіпсіздік және әкімшілік полиция бөлімшелерінің өкілдері кірген.

Еске салсақ, қайғылы жол апаты 21 наурызға қараған түні Медеу ауданында, Әл-Фараби даңғылы мен Мендікулов көшесінің қиылысында болған. Полиция мәліметінше, батыс бағытта келе жатқан Zeekr көлігінің жүргізушісі қарсы жолаққа шығып кетіп, Mercedes көлігімен соқтығысқан. Салдарынан Mercedes жүргізушісі мен екі жолаушысы оқиға орнында қаза тапты.

Соңғы жаңалықтар