$ 479.82 € 559.9 ₽ 6.15

Қазақстан билігі үш ЖЭО-ны Ресеймен бірлесіп салудан бас тартты

Абдрахманов Мағжан
08 сәуір 2026, 10:03
Қазақстан билігі үш ЖЭО-ны Ресеймен бірлесіп салудан бас тартты Сурет авторы: Kazpravda.kz

Қазақстан билігі Семей мен Өскемен қалаларында жылу электр орталықтарын (ЖЭО) салу жобаларын Ресейдің қатысуынсыз жүзеге асыру туралы шешім қабылдады. Бұл туралы Үкімет отырысында «Самұрық-Энерго» басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов мәлімдеді.

Оның айтуынша, 2026 жылғы 30 қаңтарда Семей және Өскемен қалаларындағы ЖЭО құрылысына қатысты EPC-келісімшарттар қазақстандық-сингапурлық консорциуммен жасалған. Сәуір айында инженерлік-геологиялық және топографиялық зерттеулер жүргізіліп, құрылыс алаңын дайындау басталады. Ал мамырда негізгі жабдықтарға тапсырыс беріледі.

Жобаларға сәйкес, негізгі жабдықтарды жеткізу 2027 жылдың үшінші тоқсанында басталып, станциялар 2029 жылдың төртінші тоқсанында пайдалануға беріледі.

Көкшетаудағы ЖЭО құрылысы жалғасып жатыр. Қазіргі уақытта жобалау және құрылыс жұмыстары жүргізіліп, барлық қажетті инфрақұрылым тартылған. Станцияның жылу қуатын 520-дан 820 гигакалорияға дейін арттыру жоспарланып отыр. Нысанды 2029 жылдың бірінші тоқсанында іске қосу көзделген.

Сонымен қатар «Самұрық-Энерго» Екібастұз ГРЭС-2 станциясын кеңейту жобасын жүзеге асыруда. Аталған жоба аясында әрқайсысының қуаты 550 МВт болатын үшінші және төртінші энергоблоктар салынып жатыр. Үшінші блок бойынша құрылыс басталып, инфрақұрылым тартылған. Төртінші блокты іске қосу 2030 жылдың қыркүйегіне жоспарланған.

Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімхановтың айтуынша, жобалар тікелей бюджет қаражатынсыз іске асады. Қаржыландыруды мердігер компаниялар өздері тартып, станциялар іске қосылғаннан кейін ғана мемлекет тарапынан төлем жасалады. Болжам бойынша, Көкшетаудағы ЖЭО құны 350 млрд теңге, ал Семей мен Өскемендегі станциялардың әрқайсысы шамамен 400 млрд теңге болады.

Айта кетейік, 2024 жылы Қазақстан мен Ресей Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында үш ЖЭО салу туралы келісімге келген. Алайда кейін ресейлік тарапта қаржыландыру мәселелері туындағаны хабарланған.

 

Соңғы жаңалықтар