$ 479.82 € 559.9 ₽ 6.15

Қазақстан азаматы зейнетақы жинағынан ақша жоғалып кеткенін айтты: БЖЗҚ түсініктеме берді

Абдрахманов Мағжан
09 сәуір 2026, 13:14
Қазақстан азаматы зейнетақы жинағынан ақша жоғалып кеткенін айтты: БЖЗҚ түсініктеме берді Сурет авторы: BAQ.kz коллажы

Қазақстандық салымшы зейнетақы шотындағы қаражаттың азайғанына шағымданып, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына жүгінді.

Салымшы зейнетақы жинағындағы артық қаражатты «Отбасы банкке» аудармақ болған, алайда шоттағы соманың азайып кеткенін байқаған. Осыған байланысты ол қордан түсініктеме талап еткен.

БЖЗҚ мәліметінше, зейнетақы жарналары түрлі қаржы құралдарына инвестицияланады. Инвестициялық табыс тұрақты болмайды және нарықтағы жағдайға байланысты өзгеріп отырады.

Қордың түсіндіруінше, 2026 жылдың наурыз айында теңгенің нығаюы және шетелдік басқарудағы активтердің нарықтық құнының төмендеуі инвестициялық табыстың азаюына әсер еткен. Соның салдарынан кейбір салымшының шотында теріс инвестициялық табыс қалыптасқан.

БЖЗҚ мұндай жағдайда зейнетақы жинақтарының көлемі уақытша азаюы мүмкін екенін атап өтті. Бұл өз кезегінде мерзімінен бұрын алуға болатын қаражат сомасына да әсер етеді.

Қор сондай-ақ, егер шоттағы қаражат жеткіліктілік шегінен төмен болса, артық қаражатты шешіп алуға рұқсат берілмейтінін еске салды.

Соңғы жаңалықтар