Үкімет Алматы мен Астана маңындағы елді мекендердің тізімін өзгертті

Абдрахманов Мағжан
11 қараша 2026, 14:49
Үкімет Алматы мен Астана маңындағы елді мекендердің тізімін өзгертті Сурет авторы: Sputnik / Владислав Воднев

Қазақстан Үкіметі Алматы және Астана агломерацияларының құрамына өзгеріс енгізді. Алматы агломерациясының тізімінен алты елді мекен алынып тасталып, Астана агломерациясына Нұрлы елді мекені қосылды.

Премьер-министр Олжас Бектенов 5 қарашада қол қойған №987 қаулыға сәйкес, Алматы агломерациясының құрамынан Заречное, Арна, Жаңадауір, Жаңаталап, Ынтымақ және Қоянқұс елді мекендері шығарылды.

Сонымен қатар бұрынғы тізімдегі Gate City атауының орнына Алатау қаласы енгізілді. Алматы агломерациясының орталығы бұрынғысынша Алматы қаласы болып қала береді.

Ал Астана агломерациясының құрамына Нұрлы елді мекені қосылды.

Жаңа қаулы Үкіметтің 2023 жылғы 19 маусымдағы №486 қаулысына өзгеріс енгізеді. Құжат 2026 жылғы 5 қарашадан бастап күшіне енді.

Айта кетейік, агломерация – ірі қала мен оның айналасындағы экономикалық және әлеуметтік байланысы тығыз елді мекендерді біріктіретін аумақ. Сондықтан аталған өзгерістер Алматы мен Астана қалаларының әкімшілік шекарасы өзгерді дегенді білдірмейді.

Соңғы жаңалықтар