Құрылтайда ғылымды қаржыландыру тәртібін өзгерту ұсынылды

Редакция
11 қараша 2026, 17:19
Құрылтайда ғылымды қаржыландыру тәртібін өзгерту ұсынылды Сурет авторы: Құрылтай

Құрылтай депутаттары Үкіметпен және ғылыми қауымдастықпен бірлесіп, ғылым саласындағы заңнаманы және ғылыми зерттеулерді қаржыландыру тетіктерін жетілдіруге дайын. Бұл туралы 11 қарашада Жоғары аудиторлық палатаның есебін қарау қорытындысы бойынша Құрылтай төрағасы Айбек Дәдебай мәлімдеді.

Құрылтайдың жалпы отырысында Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов ғылым саласына жүргізілген мемлекеттік аудиттің нәтижелерін таныстырды. Депутаттар ғылыми зерттеулерге бөлінетін қаражаттың тиімді жұмсалуын талқылап, бірқатар ұсыным әзірледі.

«Үкіметтегі әріптестеріміз Жоғары аудиторлық палатаның ұсынымдары мен депутаттар тарапынан айтылған ұсыныстардың сапалы орындалуын қамтамасыз етуі қажет. Депутаттар өз тарапынан Үкімет және ғылыми қоғамдастықпен бірлесіп, ғылым саласындағы заңнаманы, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыру тетіктерін жетілдіру мәселелерін тереңдете пысықтауға дайын», – деді Айбек Дәдебай.

Құрылтай төрағасы жаңа Конституцияда білім, ғылым және инновация мемлекеттің негізгі басымдықтары ретінде бекітілгенін атап өтті. Оның айтуынша, ғылым елдің экономикалық өсімі мен бәсекеге қабілеттілігіне тікелей әсер ететін стратегиялық салаға айналуға тиіс.

Еске салайық, Жоғары аудиторлық палатаның ғылым саласына жүргізген тексеруі нәтижесінде 51 млрд теңгеге қаржылық заңбұзушылық анықталған. Бұдан бөлек, 47 млрд теңге бюджет қаражаты тиімсіз жоспарланған және пайдаланылған. Аудит қорытындысы бойынша 36 дерекке қатысты материалдар әкімшілік жауапкершілік мәселесін қарау үшін уәкілетті органдарға жолданып, тағы үш дерек бойынша материалдарды құқық қорғау органдарына беру туралы шешім қабылданған.

Соңғы жаңалықтар