Қазақстанда балалы болған отбасыларға несие төлемін уақытша тоқтату ұсынылды

Абдрахманов Мағжан
09 қараша 2026, 17:08
Қазақстанда балалы болған отбасыларға несие төлемін уақытша тоқтату ұсынылды Сурет авторы: ЖИ иллюстарциясы

Қазақстанда бала дүниеге келген отбасыларға несие төлемін пайыз есептемей уақытша тоқтату ұсынылды. Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Мұрат Әбенов бұл бастаманы халықтың қарыз жүктемесінің артуымен және елдегі туу көрсеткішінің төмендеуімен байланыстырды. Ол ұсынысын Facebook парақшасында жариялады.

Әбенов келтірген Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында Қазақстанда 226 990 бала дүниеге келген. Бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 22 322 балаға немесе 8,95 пайызға аз. Ал 2021 жылы елде 445,9 мың бала туса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 335 мыңға дейін төмендеген.

«Төрт жылдың ішінде туу көрсеткіші 25 пайызға төмендеді! Соғыс та, алапат апат та болған жоқ, бірақ Қазақстанда дүниеге келетін балалар саны төрттен бірге азайды», – деп жазды Әбенов.

Оның пікірінше, бала туу көрсеткішінің төмендеуіне жұмыс, баспана және несие мәселелері әсер етіп отыр. Бала дүниеге келгенде ата-ананың бірі жұмысынан уақытша қол үзіп, отбасының табысы азаяды. Ал баспана жалдау ақысы мен несие төлемдері сақталады.

Әбеновтің мәліметінше, банктердегі жеке тұлғаларға берілген несиенің жалпы көлемі 26,7 трлн теңгеге жеткен. 9,16 млн қазақстандықтың өтелмеген қарызы бар. Тұтынушылық несиелердің орташа мөлшерлемесі жылына шамамен 20,6 пайызды құрайды. Сонымен қатар 1,5 млн-ға жуық азаматтың шотына жеке сот орындаушылары шектеу қойған.

Осыған байланысты ол бала туған отбасыларға пайыз есептелмейтін несие демалысын автоматты түрде беруді ұсынды. Сондай-ақ шағын несие ұйымдарының қызметін қатаң реттеп, азаматтардың банк шоттарын жаппай бұғаттау тәжірибесін шектеу қажет деп есептейді.

Бұдан бөлек, Әбенов жастарды солтүстік және шығыс өңірлерде тұрақтандыру үшін оларды жұмыспен және баспанамен қатар қамтамасыз етуді ұсынды. Оның пікірінше, әкімдердің жұмысын өңірде бір, үш және бес жыл ішінде қанша жас отбасы тұрақтап қалғанына қарай да бағалау керек.

Әзірге бала туған отбасыларға пайызсыз несие демалысын беру – ұсыныс қана. Оны енгізу туралы ресми шешім қабылданған жоқ.

Соңғы жаңалықтар