Қар мен көктайғақ: 10 облыста жолға шықпауға кеңес берілді

Абдрахманов Мағжан
10 қараша 2026, 09:33
Қар мен көктайғақ: 10 облыста жолға шықпауға кеңес берілді Сурет авторы: ЖИ иллюстарциясы

Қазақстанның 10 облысында қар аралас жаңбыр жауып, кей жерде көктайғақ болуы мүмкін. Осыған байланысты «ҚазАвтоЖол» жүргізушілерге аса қажет болмаса, сапарға шықпауға кеңес берді.

Компания 9 қараша күні кешкі сағат 19:00-де жариялаған ескертуге сәйкес, 10 қарашаға қараған түні және таңертең Ақмола, Абай, Ақтөбе, Павлодар, Қарағанды, Қызылорда, Маңғыстау, Ұлытау, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында қар аралас жаңбыр мен қар жауады деп болжанған. Кейбір аймақта көктайғақ күтіледі.

«ҚазАвтоЖол» жүргізушілерді жылдамдықты асырмауға, көліктер арасындағы қауіпсіз қашықтықты сақтауға және сапар бағытын алдын ала жоспарлауға шақырды.

Мамандар әсіресе жазғы дөңгелекпен жүру қауіпті екенін ескертті. Көктайғақта мұндай дөңгелек жолға дұрыс жабыспай, көлікті басқаруды қиындатады. Соның салдарынан жол апатының қаупі артады.

Компанияның мәліметінше, жол қызметкерлері тәулік бойы жұмыс істеп жатыр. Жүргізушілер жолдардың жай-күйі мен қозғалысқа қойылған шектеулер туралы ақпаратты 1403 байланыс орталығынан біле алады.

Соңғы жаңалықтар