Қазақстанда TikTok күн сайын 15 мың видеоны бұғаттап жатыр

Редакция
09 қараша 2026, 12:10
Қазақстанда TikTok күн сайын 15 мың видеоны бұғаттап жатыр Сурет авторы: depositphotos.com

TikTok әлеуметтік желісі Қазақстанда ереже бұзған контенттерді жою қарқынын арттырды. Платформаның ресми есебіне сүйенсек, 2026 жылдың сәуір-маусым айлары аралығында ел аумағында 1,37 миллионнан астам видео өшірілген. Бұл тәулігіне орта есеппен 15 мыңға жуық, ал сағат сайын 630 ролик бұғатталады деген сөз.

Анықталғандай, модерация жүйесі жоғары тиімділік көрсетіп отыр. Заңсыз немесе ережеге қайшы контенттің 99,6%-ын платформа пайдаланушылардың шағымдарын күтпестен, өздігінен тапқан. Сонымен қатар ереже бұзған видеолардың 92,1%-ы жарияланғаннан кейін алғашқы 24 сағаттың ішінде өшірілген.

Бақылау қызметінің басым бөлігі автоматтандырылған технологияларға жүктелген. Соңғы тоқсанда әлем бойынша бұғатталған видеолардың 97,4%-ын жасанды интеллект алгоритмдері өшірген. Бұл - платформа тарихындағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі.

Сонымен бірге TikTok платформасы жалған тіркелгілер мен жасанды белсенділікке (накрутка) қарсы күресті де күшейтті. Өткен тоқсанда жаһандық деңгейде 352 миллион фейк аккаунттың ашылуына жол берілмей, 6,2 миллиард жалған лайк, 2,7 миллиард жалған жазылушы және 190 миллион пікірлер өшірілді.

Еске сала кетейік, осыған дейінгі үш айлық кезеңде Қазақстан бойынша 1,2 миллионнан астам видео бұғатталған болатын. TikTok өкілдері пайдаланушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету компанияның басты басымдығы болып қала беретінін хабарлады.

Соңғы жаңалықтар