Ұлытауда Президент Жолдауының негізгі бағыттарын іске асыру жолдары қарастырылды

Редакция
09 қараша 2026, 17:13
Ұлытауда Президент Жолдауының негізгі бағыттарын іске асыру жолдары қарастырылды Сурет авторы: gov.kz

Ұлытау облысында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауының негізгі басымдықтарын түсіндіруге арналған республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының өңір тұрғындарымен кездесуі өтті. Бұл туралы Ұлытау облысы әкімдігінің ресми сайты хабарлады.

Салтанатты жиынға Құрылтай депутаты Дархан Ахмадиев, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Эльдар Күзенбаев пен Халық кеңесінің мүшесі Аманжол Әлтай қатысты. Кездесуде цифрлық трансформация, жасанды интеллектіні дамыту, жұмыспен қамту, әлеуметтік инфрақұрылымды жетілдіру және адами капиталды арттыру сияқты өзекті мәселелер сарапқа салынды.

Дархан Ахмадиев өз сөзінде Мемлекет басшысының Жолдауы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын жаңа белеске көтеретін стратегиялық құжат екенін атап өтті. Жобалар аясында әлеуметтік нысандар тұрғызуды және жаңа жұмыс орындарын ашуды көздейтін «Халықтық құрылыс» бағдарламасы ұсынылды. Сонымен бірге, медицина қызметкерлерінің еңбекақысын арттыру, білім беру сапасын жақсарту және педагогтерге түсетін әкімшілік жүктемені азайту шаралары талқыланды.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес және Үкіметтің қолдауымен Ұлытау облысында 30-ға жуық инфрақұрылымдық нысанды жаңғырту жұмыстары жүргізілуде:

  • Көлік инфрақұрылымы: «Самұрық-Қазына» АҚ Жезқазған, Қаражал, Жаңаарқа және Қызылжар станцияларындағы 4 теміржол вокзалын қайта жаңартудан өткізіп, пайдалануға берді. Сонымен қатар «Жезқазған – Қызылорда», «Жезқазған – Арқалық» және «Жезқазған – Қарағанды» автомобиль жолдарының құрылысы қарқынды жалғасып жатыр.

  • Денсаулық сақтау саласы: Ұлытау ауылында 20 төсек-орындық аурухана мен емхана жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Жезқазғанда «Zhyly Zhurek» қорының қолдауымен жаңа емхана, онкологиялық корпус, перинаталдық орталық, сондай-ақ балаларға арналған инклюзивті оңалту орталығы мен спорт кешенінің құрылысы жоспарланған.

  • Спорт пен мәдениет: «Qarmet» АҚ Қаражалда балабақша салуды қолға алса, «Қазақмыс» корпорациясы 2027 жылдың бірінші жартыжылдығында Жезқазғанда 800 орындық Конгресс-орталықтың, теннис орталығы мен заманауи стадионның құрылысын бастайды.

Аталған ауқымды жобаларды жүзеге асыру Ұлытау облысының әлеуметтік-экономикалық әлеуетін нығайтуға және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.

Соңғы жаңалықтар