Польшада алты адам қаза тапқан атыс: Тоқаев көңіл айтты

Абдрахманов Мағжан
09 қараша 2026, 10:23
Польшада алты адам қаза тапқан атыс: Тоқаев көңіл айтты Сурет авторы: Ақорда

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Польшаның Краков қаласында болған қарулы шабуыл салдарынан адамдардың қаза табуына байланысты Польша Президенті Кароль Навроцкийге көңіл айтты. Бұл туралы 8 қарашада Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Мемлекет басшысы қарулы шабуылды қатаң айыптап, Польша халқына қолдау білдірді. Сондай-ақ зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді.

Оқиға 7 қарашада Краков қаласының орталығындағы Бас базар алаңында болған. Польша билігінің мәліметінше, 24 жастағы ер адам көлігімен алаңға кіріп, адамдарға оқ жаудырған. Салдарынан алты адам қаза тапты. Жараланғандардың арасында полиция қызметкерлері де бар.

Полиция шабуыл жасаған күдіктіні оқ атып жаралап, ұстады. Кейін оның үйінен тағы үш адамның – әкесі, анасы және қарындасының мәйіті табылды. Тергеушілер бұл өлімдердің де күдіктімен байланысын анықтап жатыр.

8 қарашада жергілікті билік 16 адамның ауруханада жатқанын хабарлады. Олардың арасында күдіктінің өзі де бар. Жараланған полиция қызметкерлерінің бірінің жағдайы ауыр, ал күдіктінің жағдайы өте ауыр деп бағаланған.

Польша прокуратурасы оқиғаға қатысты лаңкестік сипаттағы қылмыс бойынша тергеу бастады. Елдің премьер-министрі Дональд Туск шабуылды лаңкестік әрекет деп атады.

Қаза тапқандарды еске алу үшін Польшада 8–9 қараша күндері ұлттық аза тұту жарияланды. Ал Краков қаласында аза тұту 11 қарашаға дейін жалғасады.

Соңғы жаңалықтар