Алматы әуежайында жұмысшы қаза тапты

Абдрахманов Мағжан
11 қараша 2026, 12:24
Алматы әуежайында жұмысшы қаза тапты Сурет авторы: gov.kz

Алматы халықаралық әуежайында жұмысшы қаза тапты. Оқиғаға байланысты еңбек қауіпсіздігі талаптарының бұзылуы дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлады көліктегі полиция басқармасы.

Полицияның мәліметінше, қазір оқиғаның мән-жайын анықтау үшін тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

«Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты әрі объективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу амалдары жүргізілуде. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді», – деп хабарлады полиция.

Ал әуежайдың баспасөз қызметі қайғылы жағдай ұшақтар тұратын алаңның құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан бөлігінде болғанын мәлімдеді.

Әуежай әкімшілігінің хабарлауынша, оқиға салдарынан мердігер ұйым қызметкерлерінің бірі зардап шеккен.

Қазір әуежай тиісті мемлекеттік органдарға қажетті көмек көрсетіп, тергеу аясында олармен бірлесіп жұмыс істеп жатыр. Тергеу аяқталғанға дейін әуежай басшылығы қосымша түсініктеме бермейтінін хабарлады.

Қаза тапқан жұмысшының жеке басы, жасы және оқиғаның нақты себебі әзірге жарияланған жоқ.

Соңғы жаңалықтар