Қазақстан хоккейден үшінші рет қатарынан Азия чемпионы атанды

Абдрахманов Мағжан
09 қараша 2026, 09:54
Қазақстан хоккейден үшінші рет қатарынан Азия чемпионы атанды Сурет авторы: ҚР ҰОК

Шайбалы хоккейден Қазақстан ерлер құрамасы Оңтүстік Кореяның Чонджу қаласында өткен Азия чемпионатында жеңіске жетті. Ұлттық құрама құрлық біріншілігінде үшінші жыл қатарынан топ жарды, деп хабарлады Қазақстан Ұлттық олимпиада комитеті.

8 қарашада өткен шешуші кездесуде Талғат Жайлауов жаттықтыратын Қазақстан құрамасы Оңтүстік Корея хоккейшілерімен ойнады. Кездесудің негізгі және қосымша уақытында екі команда да есеп аша алмады. Жеңімпаз айып соққылары арқылы анықталып, қазақстандықтар 4:3 есебімен басым түсті.

Шешуші соққыны Диас Гусейнов дәл орындады. Ал Қазақстан құрамасының қақпашысы Владислав Нурек қарсыластардың соңғы соққысын қайтарып, команданың жеңісіне үлес қосты.

Қазақстан құрамасы бұған дейін Жапонияны 3:2, Қытайды 5:0 есебімен жеңген болатын. Осылайша үш кездесудің бәрінде жеңіске жетіп, сегіз ұпаймен турнир кестесінде бірінші орын алды.

Күміс жүлде Жапония құрамасына бұйырды. Оңтүстік Корея үшінші орынға тұрақтады.

Қазақстан хоккейшілері 2024 жылы Алматыда, 2025 жылы Бейжіңде өткен Азия чемпионаттарында да алтын медаль жеңіп алған. Биыл ұлттық құрама үшінші рет қатарынан чемпион атанды.

Соңғы жаңалықтар