Шетелдік интернет-казиноларға 191 млрд теңге аударылған: қылмыстық іс сотқа жолданды

Абдрахманов Мағжан
09 қараша 2026, 10:15
Шетелдік интернет-казиноларға 191 млрд теңге аударылған: қылмыстық іс сотқа жолданды Сурет авторы: depositphotos

Қазақстанда шетелдік интернет-казинолардың заңсыз қызметіне жәрдемдесу дерегі бойынша тергеу аяқталды. Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, күдіктілер бақылауындағы үш компанияның төлем жүйесі арқылы 191 млрд теңгенің айналымын жүргізген. Қылмыстық іс сотқа жолданды.

Тергеу дерегіне сәйкес, бұл жүйеге түрлі банктерде орнатылған жүздеген төлем терминалы кірген. Олар арқылы Nomadgames, Sultangames, Pinco, Pin-UP, Vavada, Mostbet және 1WIN сияқты шетелдік интернет-казинолардың пайдасына ақша аударылған. Жүргізілген операциялардың жалпы көлемі 191 млрд теңгеге, ал есептелген комиссиялық сыйақы 286 млн теңгеге жеткен.

Агенттіктің хабарлауынша, ақша аударымдарының шынайы мақсатын жасыру үшін заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің деректемелері пайдаланылған. Олардың кейбірі өз мәліметтерінің қолданылғанынан хабарсыз болған.

Аталған тұлғалардың атына интернет арқылы төлем қабылдайтын терминалдар тіркелген. Жалған шарттар мен арнайы жасалған сайттардың көмегімен ақша аударымдары тауарлар мен қызметтерге төленген ақы ретінде көрсетілген. Кейін қаражат шетелдік тараптарға, соның ішінде криптовалюта арқылы аударылған.

Тергеу барысында қылмысты ұйымдастырды деген күдікті қамауға алынды. Соттың рұқсатымен төрт автокөлік пен 103 млн теңге қолма-қол ақшаға тыйым салынды.

Қаржылық мониторинг агенттігі Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес тергеудің өзге мәліметтері жария етілмейтінін хабарлады.

Соңғы жаңалықтар