Камераға жақындағанда жылдамдықты азайту көмектеспейді: Үш тасжолда орташа жылдамдықты бақылау басталды

Абдрахманов Мағжан
09 қараша 2026, 10:40
Камераға жақындағанда жылдамдықты азайту көмектеспейді: Үш тасжолда орташа жылдамдықты бақылау басталды Сурет авторы: unsplash

9 қарашадан бастап Қазақстандағы республикалық маңызы бар үш тасжолда көліктің орташа жылдамдығын бақылау жүйесі іске қосылды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі хабарлады.

Жаңа бақылау жүйесі Алматы – Қорғас, Қарағанды – Бурылбайтал және Қызылорда – Арал бағыттарында жұмыс істейді. Аталған тасжолдарда барлығы алты бақылау аймағы қарастырылған.

ІІМ мәліметінше, арнайы камералар көліктің бақылау аймағына кірген және одан шыққан уақытын тіркейді. Жүйе жүріп өткен қашықтық пен кеткен уақытты есептеп, көліктің орташа жылдамдығын анықтайды.

Сондықтан жүргізушінің камераға жақындағанда ғана жылдамдықты азайтуы нәтиже бермейді. Жүйе көліктің бүкіл бақылау аймағындағы орташа жылдамдығын есептейді.

Полиция жүргізушілерді белгіленген жылдамдық шектеулерін сақтауға шақырды.

Соңғы жаңалықтар