«Жапаровтың туысымын деген адамға алданып қалдым»: қазақстандық кәсіпкер Қырғызстан президентіне шағымданды

Абдрахманов Мағжан
09 қараша 2026, 14:21
«Жапаровтың туысымын деген адамға алданып қалдым»: қазақстандық кәсіпкер Қырғызстан президентіне шағымданды Сурет авторы: nazarnews.org

Қазақстан азаматы Әлиджи Афаров Қырғызстан президенті Садыр Жапаровқа алаяқтардың кесірінен 200 мың доллардан астам ақшасынан айырылғанын айтып шағымданды. Оның сөзінше, өзін алдады деген адамдардың бірі Қырғызстан басшысының туысы ретінде таныстырған.

Оқиға 7 қарашада Жапаровтың Қант қаласының тұрғындарымен кездесуі кезінде болған. Кәсіпкер Қырғызстанның Шу облысындағы Қант қаласына жақын жерден тас өндіретін карьер сатып алғанын, алайда кейін оны алаяқтық жолмен тартып алғанын мәлімдеді.

«Мен карьер сатып аламын деп ұйымдасқан қылмыстық топтың қолына түстім. Олар алаяқтық жолмен карьерді қайта иемденіп алды. Келтірілген шығын 200 мың доллардан асады. Олардың бірі өзін сіздің жиеніңіз, туысыңыз Азамат Жапаров деп таныстырды», – деді кәсіпкер.

Президент Садыр Жапаров Азамат Жапаров есімді адамды танымайтынын білдірді. Кәсіпкер де аталған адамның президенттің туысы екенін айтып, өзін алдағанын жеткізді.

Жапаров Қырғызстан Ішкі істер министрлігіне қазақстандық азаматтың шағымын тексеруді тапсырды.

«Кездесуден кейін бірден қабылдап, барлық мән-жайды анықтаңыздар. Оларды ұстап, ақшасын қайтарыңыздар. 200 мың долларды қайтару керек», – деді Қырғызстан президенті.

Әзірге Қырғызстан Ішкі істер министрлігі қазақстандық кәсіпкердің шағымы бойынша жүргізілген тексеру туралы ресми ақпарат таратқан жоқ.

Соңғы жаңалықтар