«Қазақ елі барда қазақ тілі тұғырдан түспейді»: Тоқаев мемлекеттік тілдің болашағы туралы айтты

Абдрахманов Мағжан
10 қараша 2026, 14:18
«Қазақ елі барда қазақ тілі тұғырдан түспейді»: Тоқаев мемлекеттік тілдің болашағы туралы айтты Сурет авторы: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайында мемлекеттік тілдің дамуы, қазақша сөздердің қолданысы, емле ережелері және ана тіліміздің ғылым мен технологиядағы орны туралы айтты. Мемлекет басшысы қазақ тілінің келешегіне қауіп төніп тұрған жоқ екенін мәлімдеп, оны дамытуға қатысты бірқатар тапсырма берді, деп хабарлады Ақорда.

Президент ана тілі мәселесінің мемлекеттік, саяси және ұлттық маңызы бар екенін атап өтті. Оның айтуынша, қазақ тілінің мәртебесін нығайту үшін қоғам болып жұмыс істеу қажет. Сонымен қатар мемлекеттік тілді дамыту өзге тілдердің қолданысына кедергі келтірмеуге тиіс.

«Қазақ елі барда қазақ тілі тұғырдан түспейді»

Мемлекет басшысы қазақ тілінің болашағына алаңдауға негіз жоқ екенін айтты. Оның сөзінше, ана тіліміз жаңа технологиялар саласында кеңінен қолданылып, заман талабына сай дамып келеді.

«Қазіргі таңда тіліміздің келешегіне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ деп анық айтуға болады. Бүгінде қазақ тілі озық технологиялар саласына кең ауқымда еніп, заман талабына сай дамып келе жатыр», – деді Тоқаев.

Президент OpenAI компаниясының зерттеуіне сүйеніп, қазақ тілі соңғы үш жылда жасанды интеллект жүйелеріндегі қолданысы қарқынды кеңейіп жатқан тілдердің қатарына кіргенін жеткізді. Сондай-ақ оның айтуынша, Yandex компаниясының бір өнімін қазақ тілінде пайдаланушылар саны бір жылда 30 пайызға артқан. Ал Google былтыр қазақ тілін Gemini тілдік моделіне енгізген.

Тоқаев бұл бағыттағы жұмысты жалғастырып, қазақ тілін ғылым мен жаңа технологиялардың тілі ретінде дамыту қажеттігін атап өтті.

Қазақ тілінің емлесін 2027 жылдың соңына дейін реттеу тапсырылды

Президент қазақ тіліндегі сөздер мен ұғымдардың әртүрлі қолданылуы жұртты шатастырып, тіл тазалығына кері әсер ететінін айтты. Осыған байланысты емле ережелерін жүйелеп, сөздіктерді жаңарту қажет екенін мәлімдеді.

Мемлекет басшысы 1983 жылы шыққан Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі ресми түрде бекітілгенін, ал одан кейін жарық көрген сөздіктердің мемлекеттік деңгейде бекітілмегенін атап өтті.

«Ең алдымен, емле мен ережені түгендеп, жүйелеу керек. Бұған қоса, барлық сөздікті, соның ішінде орфографиялық сөздікті жаңартатын уақыт келді», – деді Президент.

Ол қазақ тілі орфографиясының ғылыми негізін зерделеп, бұл жұмысты 2027 жылдың соңына дейін аяқтау қажеттігін айтты.

Сондай-ақ тіл мәселелерімен айналысатын арнайы жұмыс тобын құруды ұсынды. Оның құрамына тіл мамандары, ғалымдар, сарапшылар және қоғам өкілдері енуге тиіс. Жұмыс тобының қызметін үйлестіру Президент Әкімшілігіне жүктеледі.

Тоқаев кейбір қазақша сөздердің қажеттілігіне күмән келтірді

Президент қазақ тіліндегі жаңа сөздердің қолданысына да тоқталды. Ол «тұжырымдама», «қағидат», «шәкіртақы», «еңбек өтілі», «жанармай», «ғарыш», «пайыз», «сынып» сияқты сөздердің кең таралғанын оң бағалады.

Алайда кейбір баламалардың қажеттілігіне күмән білдірді.

«Мысалы, «күйсандық (пианино), қылтима (балкон), субұрқақ (фонтан), себезгі (душ), қырыққабат (капуста), үнқағаз (газет), жеделсаты (лифт), желкөз (форточка)» және тағы басқа жасанды сөздердің қажеттілігі екіталай сияқты», – деді Мемлекет басшысы.

Президент бұл мәселелерге кәсіби тіл мамандары мен ғалымдар баға беруі керек екенін айтты. Сонымен қатар дінге қатысты көне қазақ сөздерінің орнына араб сөздерін жиі қолданудың қажеттілігіне де күмән келтірді.

Қазақ тіліндегі кітаптар мен мұрағаттар цифрландырылуы керек

Мемлекет басшысы қазақ тілінің ұлттық цифрлық деректер қорын жасақтауды маңызды міндеттердің бірі деп атады.

Оның айтуынша, қазақ тіліндегі әдеби және мәдени мұраның едәуір бөлігі әлі күнге дейін цифрлық жүйеге толық әрі сапалы көшірілмеген.

Осыған байланысты кітапханалар мен мұрағаттарда сақталған кітаптарды, мерзімді басылымдарды, дыбыс және бейне жазбаларды, мұражай қорларындағы материалдарды цифрландыру жұмысын жандандыру қажет.

«Халқымыздың өшпес мұрасы мен рухани байлығы қағаз бетінде емес, цифрлық кеңістікте сақталуға тиіс. Келешек ұрпақ осы игі істің жақсылығын көреді», – деді Тоқаев.

Президент инженерия, медицина, құқық, экономика және жаратылыстану ғылымдарын қазақ тілінде меңгеруге қолайлы жағдай жасау керектігін де атап өтті. Ол үшін сапалы оқулықтар мен оқу құралдарын әзірлеуге басымдық берілуге тиіс.

Мектепке барған балалардың 71 пайызы қазақ сыныптарына қабылданған

Тоқаев қазақ тілінің білім беру, мәдениет және өнер салаларындағы қолданысы кеңейіп келе жатқанын айтты.

Президент келтірген мәліметке сәйкес, биыл мектепке барған оқушылардың 71 пайызы қазақ сыныптарына қабылданған. Колледждер мен жоғары оқу орындарында да қазақ бөлімдерінің саны артқан.

Сонымен қатар былтыр жарық көрген 6 мыңнан астам кітаптың 70 пайызы қазақ тілінде басылған. Ал биыл Қазақстанда түсірілген 71 фильмнің 63-і қазақ тілінде шыққан.

Мемлекет басшысы қазақша кітаптардың, әндер мен фильмдердің нарықтағы үлесі артып келе жатқанын атап өтті.

Президент қазақша балалар ойындары мен фильмдерін көбейтуге шақырды

Тоқаев цифрлық кеңістікте қазақ тіліндегі сапалы әрі тартымды өнімдерді көбейту қажеттігін айтты.

Оның сөзінше, қазақ тілін өздігінен үйренуге арналған бағдарламалар, балалардың тілін дамытуға бағытталған фильмдер мен ойындар көп болуы керек.

Сондай-ақ ғылым, технология, мәдениет, кәсіпкерлік және спорт тақырыптарында қазақша ақпаратты көбейту маңызды.

Президент мұндай жобаларға мемлекет тарапынан нақты қолдау көрсету қажеттігін айтып, осы бағытта арнайы жұмыс тобын құруға болатынын жеткізді.

Қазақ тілін басқа тілдерге қарсы қоюға болмайды

Мемлекет басшысы қазақ тілін дамыту мәселесінде қоғам бірлігін сақтау қажеттігіне ерекше тоқталды.

«Қазақ тілін дамыту – еліміздегі өзге тілдердің дамуына кедергі келтіру емес. Басқаша айтқанда, ана тілімізді басқа тілдерге қарсы қоюға мүлдем болмайды», – деді Президент.

Ол тіл мәселесін пайдаланып, қоғамда жанжал туғызуға тырысатын адамдарды заң аясында жауапкершілікке тарту қажеттігін айтты.

Тоқаевтың сөзінше, мемлекеттік тілді меңгергісі келетін азаматтарға барынша жағдай жасалуға тиіс. Ол үшін қазақ тілін оңай әрі жылдам үйренуге мүмкіндік беретін әдістемелер мен цифрлық оқу құралдарын әзірлеу қажет.

Президент қазақ тілін ең алдымен қоғамды біріктіретін, өзге халықтар үшін де тартымды тіл ретінде дамытуға шақырды.

Қазақ тілінің халықаралық қолданысын кеңейту көзделіп отыр

Құрылтайда Президент қазақ тілін әлемнің басқа тілдерімен байланыстыратын сөздіктер әзірлеу мәселесін де көтерді.

Ол Oxford Qazaq Dictionary жобасын жалғастырып, қазақ-француз, қазақ-испан, қазақ-қытай, қазақ-араб, қазақ-неміс, қазақ-итальян, қазақ-жапон, қазақ-корей және қазақ-парсы сөздіктерін жасау қажеттігін айтты.

Сонымен қатар қазақ-орыс сөздігін жаңартып, барлық сөздіктің электрондық нұсқасын әзірлеуді ұсынды.

Мемлекет басшысы қазақ тілінің халықаралық байланысын нығайту мәдени және ғылыми ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Құрылтай соңында Президент қазақ тілінің болашағына мемлекет қана емес, бүкіл қоғам жауапты екенін айтты. Ол Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының жұмысын қолдап, ана тілінің қолданысын кеңейтуге әр азамат үлес қосуы қажет екенін жеткізді.

Соңғы жаңалықтар