Ғани Бейсембаев Гүлнар Бажкеновадан 20 млн теңге талап етті: сот қандай шешім шығарды?

Абдрахманов Мағжан
09 қараша 2026, 17:31
Ғани Бейсембаев Гүлнар Бажкеновадан 20 млн теңге талап етті: сот қандай шешім шығарды? Сурет авторы: newsroom.kz

Алматының Бостандық аудандық соты бұрынғы оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың Orda.kz басылымының бұрынғы бас редакторы Гүлнар Бажкеноваға қарсы ар-намысын, қадір-қасиетін және іскерлік беделін қорғау туралы талабын ішінара қанағаттандырды. Сот журналисті бұрынғы министрге 500 мың теңге өтемақы төлеуге міндеттеді.

Даудың туындауына Бажкенованың 2025 жылғы 7 қазанда Facebook, Instagram және Telegram желілерінде жариялаған жазбалары себеп болған. Онда Ғани Бейсембаев пен бұрынғы сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің туыстық байланысы және оның қызметтік өсуге ықпалы туралы мәлімдемелер айтылған.

Бейсембаев соттан аталған жазбаларды өшіруді, теріске шығаратын мәлімдеме жариялауды және моральдық зиян үшін 20 млн теңге өндіріп беруді сұраған. Сондай-ақ мемлекеттік баж бен заңгерлік көмекке жұмсалған шығындарды өтеуді талап еткен.

Сот даулы мәліметтерді шындыққа сәйкес келмейді әрі талап қоюшының ар-намысы мен іскерлік беделіне нұқсан келтіреді деп таныды. Шешімде журналистің жариялаған мәліметтерінің растығын дәлелдей алмағаны көрсетілген.

Нәтижесінде сот Бажкеновадан 500 мың теңге моральдық өтемақы және 7162 теңге мемлекеттік баж өндіріп алуды ұйғарды. Ал 20 млн теңге өтемақы төлеу талабын негізсіз деп тапты. Заңгерлік көмекке жұмсалды делінген 1 млн теңгені өндіріп алудан да бас тартты. Себебі бұл шығынды растайтын құжаттар ұсынылмаған.

Сот шешіміне сәйкес, журналист даулы жазбаларды өшіріп, сол Facebook, Instagram парақшалары мен Telegram арнасында теріске шығаратын мәлімдеме жариялауға тиіс. Мұны шешім заңды күшіне енгеннен кейін бес жұмыс күні ішінде орындауы керек. Мәлімдеме кемінде 30 күн ашық тұруға тиіс.

Шешімнің толық мәтіні дайындалған күннен бастап бір ай ішінде Алматы қалалық сотына шағым түсіруге болады.

Еске салайық, 2026 жылғы 18 тамызда Гүлнар Бажкенова басқа қылмыстық іс бойынша сегіз жылға бас бостандығынан айырылған. Алайда журналистің 14 жасқа толмаған баласы болғандықтан, сот жазаны өтеуді екі жылға кейінге қалдырған.

Соңғы жаңалықтар