«Қызылжар» футбол клубының бұрынғы президентіне іздеу жарияланды

Абдрахманов Мағжан
11 қараша 2026, 15:04
«Қызылжар» футбол клубының бұрынғы президентіне іздеу жарияланды Сурет авторы: "Қызылжар" ФК

«Қызылжар» футбол клубының бұрынғы президенті Григорий Лорияға мемлекетаралық іздеу жарияланды. Ол бюджет қаржысын жымқырды және салық төлеуден жалтарды деген күдікке ілінді, деп хабарлайды Қаржылық мониторинг агенттігі.

Агенттіктің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің мәліметінше, күдіктіге қатысты тергеліп жатқан істер бойынша жалпы сома 414 миллион теңгеден асады.

Тергеу дерегіне сәйкес, 2023 жылы «Қызылжар» футбол клубының қызметін қаржыландыруға жергілікті бюджеттен 1,7 миллиард теңге бөлінген. Тергеушілердің болжамынша, Григорий Лория бас есепшімен және өзге адамдармен алдын ала сөз байласып, жалған қаржылық құжаттар арқылы қаражатты жеке есепшоттарға негізсіз аударған.

Сондай-ақ бухгалтерлік және салық есептеріне жалған мәліметтер енгізілген деген күдік бар. Атап айтқанда, салық декларацияларында қызметкерлердің табысы, еңбекақы төлеу қоры және клубтың жылдық жиынтық кірісі төмендетіліп көрсетілген.

Қазір Григорий Лорияға мемлекетаралық іздеу жарияланды. Тергеу жалғасып жатыр.

Күдіктінің кінәсі сотта дәлелденген жоқ.

Соңғы жаңалықтар