Алматыдағы РФММ-де балалар жаппай уланғаннан кейін директор ауысты

Абдрахманов Мағжан
09 қараша 2026, 11:06
Алматыдағы РФММ-де балалар жаппай уланғаннан кейін директор ауысты Сурет авторы: almaty.fizmat.kz

Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебіне (РФММ) жаңа директор тағайындалды. Бұл қызметке математика мамандығы бойынша PhD докторы, мектептің бұрынғы түлегі Алмаз Күнғожин келді, деп хабарлады білім ордасының баспасөз қызметі.

Мектептің бұрынғы директоры Мейірлан Мейірбек қызметінен кеткен. Алмаз Күнғожин бұған дейін, 2018–2023 жылдары, осы мектепті басқарған. Сондай-ақ РФММ-де мұғалім, математикалық олимпиадаларға дайындайтын жаттықтырушы және директордың орынбасары болып жұмыс істеген. 2023 жылдың қыркүйегінен бастап «РФММ» коммерциялық емес акционерлік қоғамы басқарма төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарған.

Басшылықтағы өзгеріс қазан айында мектеп оқушылары жаппай уланғаннан кейін болды. Сол кезде жіті ішек инфекциясына күдікпен 58 бала ауруханаға жатқызылған. Олардың барлығы 16–22 қазан аралығында емделіп шықты. Тағы екі оқушы ауруханаға жатудан бас тартып, үй жағдайында емделген.

Оқиғадан кейін санитариялық-эпидемиологиялық бақылау мамандары мектеп асханасындағы дайын тағамдардан, азық-түліктен, судан және ыдыс-аяқтан сынама алған. Тексеру барысында асхананың төрт қызметкерінен алтын түстес стафилококк анықталған. Ал тағам үлгілері мен ыдыс-аяқтан алынған сынамалардан ішек таяқшасы тобына жататын бактериялар табылған.

Тексеру қорытындысы бойынша екі әкімшілік хаттама толтырылып, оқушылардың жаппай сырқаттануына байланысты қылмыстық іс тіркелген.

Соңғы жаңалықтар