Электр энергиясы қымбаттай ма: Министрлік тарифке қатысты соңғы шешімді айтты

Редакция
11 қараша 2026, 12:46
Электр энергиясы қымбаттай ма: Министрлік тарифке қатысты соңғы шешімді айтты Сурет авторы: depositphotos.com

Қазақстанда баламалы энергетиканы дамыту мен жаңа энергия жинақтау жүйелерін енгізу тұтынушылар үшін электр энергиясы тарифінің қосымша өсуіне себеп болмайды. Бұл туралы Ұлттық құрылтай отырысында Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеді.

Депутат Никита Шаталовтың жаңа жинақтау жүйелерінің тарифтік көрсеткіштері мен мемлекеттік қолдаудың жеке және заңды тұлғаларға түсетін қаржылық жүктемесі туралы сауалына жауап бере отырып, ведомство басшысы жобалардың ашық нарықтық шарттарда іске асырылатынын атап өтті.

Министрдің айтуынша, энергия жинақтау жүйелерін салу бойынша жобалар ашық электрондық аукциондар арқылы іріктеледі. Жеңімпаздар барлық инвестициялық шығындарды — жабдық сатып алуды, құрылысты және нысанды пайдалануға беруді есепке ала отырып, ең төмен баға ұсынған қатысушылар арасынан анықталады. Сонымен қатар, мердігер ұйымдарға төлемдер құрылыс жұмыстары толық аяқталып, жүйелік операторға нысанның дайындығы расталғаннан кейін ғана жүргізіледі.

«Тұтынушыларда қосымша шығындар туындамайтынына сенімдімін. Біз түнгі уақытта пайдаланатын электр энергиясын жинақтап, ел ішінде сататын боламыз. Осылайша, электр энергиясын сырттан импорттау қажеттілігі жойылады», – деп атап өтті Ерлан Ақкенженов.

Ведомство басшысының сөзінше, бұл жүйелер маневрлік генерация шығындарын оңтайландыруға да мүмкіндік береді. Тұтынудың шарықтау шегі сағаттарында жүйелік оператор - «KEGOC» АҚ-ның автоматты командасы бойынша жинақталған қуат бірден желіге беріледі.

Сондай-ақ, жиын барысында Парламент депутаттары «Электр энергетикасы туралы» және сыбайлас заңнамалық актілерге баламалы энергетика көздерін дамыту мәселелері бойынша енгізілетін түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады.

Заң жобасы энергия жинақтау жүйелерінің көтерме сауда нарығына интеграциялануына құқықтық негіз қалайды. Бұдан бөлек, «Возобновляемые источники энергии» заңының атауы «Баламалы энергетиканы дамыту туралы» деп өзгертіліп, оның қолданыс аясы сутегі, атом энергетикасы, қалдықтарды кәдеге жарату арқылы энергия өндіру және өзге де инновациялық технологияларға кеңейтіледі. Мұндағы атом энергетикасы саласы бөлек арнайы заңнамамен реттелуін жалғастырады.

Соңғы жаңалықтар