Қытайда адам орнына еңбек ететін роботтар дәуірі басталды

Редакция
11 қараша 2026, 10:06
Қытайда адам орнына еңбек ететін роботтар дәуірі басталды Сурет авторы: depositphotos.com

Қытай Халық Республикасы алдағы бес жыл ішінде экономиканың түрлі салаларында пайдалану үшін 100 миллион робот шығаруды жоспарлап отыр. Осы жоба аясында елде тұрмыстық техника мен ақылды гаджеттерге жасанды интеллект жүйелерін енгізу жұмыстары белсенді жүргізілуде.

Бұл бағытта Сучжоу мегаполисі негізгі инновациялық орталықтардың біріне айналды. «Сучжоудың жоғары технологиялары» компаниясының бас директоры Лю Ян Вейдің мәлімдеуінше, жоспарланған роботтар өндірістік тапсырмаларды жоғары сапамен әрі жылдам орындап, өндіріс тиімділігін арттыруға бағытталған. Қазіргі уақытта автоматтандырылған құрылғылар кәсіпорындар мен қоймаларда қолданылуда.

Сучжоу инновациялық орталығында роботтарды объектілерді тану, сұрыптау, кедергілерді айналып өту және ақпаратты талдап, тиісті реакция білдіру дағдыларына үйрету жұмыстары жүргізілуде. Мұнда құрылғылар адам қозғалыстарын қайталап, белгіленген тапсырмаларды орындауды меңгереді. Бұдан бөлек, өңірде адам дауысын тану және бұйрықтарды орындау жүйелерін дамыту қолға алынған. AI Speech компаниясының қызметкері Мин Чуань Ли атап өткендей, жасанды интеллект көмегімен автокөліктерді басқару және жиындар кезінде тапсырмаларды хаттамалау үдерістері автоматтандырылған.

Өз кезегінде API компаниясы жасанды интеллект негізінде қызмет ететін екі түрлі ақылды көзілдірік өндірісін жолға қойды. Компания өкілі Цинь Вэйдің айтуынша, құрылғының бір түрі күнделікті пайдалануға, ал екіншісі кәсіби мамандардың жұмыс уақытын үнемдеуге арналған.

Қытайдың бұл бағыттағы тәжірибесі екіжақты келісімдер аясында Қазақстанмен цифрландыру және инновациялар саласындағы әріптестікті кеңейтуге мүмкіндік береді.

Соңғы жаңалықтар