Қазақстанда ғылым саласына бөлінген 51 млрд теңгеге қатысты қаржылық заңбұзушылық анықталды

Абдрахманов Мағжан
11 қараша 2026, 11:22
Қазақстанда ғылым саласына бөлінген 51 млрд теңгеге қатысты қаржылық заңбұзушылық анықталды Сурет авторы: depositphotos

Қазақстанда ғылым саласына жүргізілген мемлекеттік аудит нәтижесінде 51 млрд теңгеге қаржылық заңбұзушылық анықталды. Бұдан бөлек, 47 млрд теңге бюджет қаражаты тиімсіз жоспарланған және пайдаланылған. Бұл туралы 11 қарашада Құрылтайдың жалпы отырысында Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов мәлімдеді.

Аудит қорытындысына сәйкес, 16 млрд теңге бөлінген 176 ғылыми жоба көзделген түпкілікті нәтижеге жетпеген. Сондай-ақ 2023–2025 жылдары бекітілген 393 ғылыми-техникалық тапсырманың 149-ы орындалмаған. Бұл тапсырмаларға 67 млрд теңге қарастырылған.

«2025 жылы мониторинг 2 мыңнан астам ғылыми жоба мен коммерцияландыру жобасын қамтып, 3 млрд теңгеден астам сомаға бұзушылықтар анықталған. Алайда ұлттық ғылыми кеңестер бұл мәселелер бойынша тек ақпаратты назарға алумен шектелген», – деді Әлихан Смайылов.

Тексеру ғылыми жобаларды іріктеу кезінде мүдделер қақтығысы туындауы мүмкін екенін де көрсетті. Атап айтқанда, ұлттық ғылыми кеңестердің 225 мүшесінің 84-і жалпы құны 52 млрд теңге болатын 127 жобаның зерттеу тобына кірген. Олардың 27-сі ғылыми жобаларға жетекшілік еткен.

Аудиторлар ғылыми зерттеулердің нәтижесін өндіріске енгізу ісінде де кемшіліктер анықтады. Аяқталған 141 жобаның тек 38-і ғана соңғы үш жылда өнімін тұрақты сата алған. Ал қалған 103 жобаға бөлінген 22 млрд теңге күткен нәтижеге жеткізбеген.

Ғылымды қаржыландыру көлемі 2022–2025 жылдары 122 млрд теңгеден 262 млрд теңгеге дейін өскен. Соған қарамастан, ғылымның жалпы ішкі өнімдегі үлесі небәрі 0,16%-ды құрайды. Белгіленген мақсат – 1%.

Мемлекеттік аудит қорытындысы бойынша 36 дерекке қатысты материалдар әкімшілік жауапкершілік мәселесін қарау үшін уәкілетті органдарға жолданды. Тағы үш дерек бойынша материалдарды құқық қорғау органдарына беру туралы шешім қабылданды.

Жоғары аудиторлық палата анықталған кемшіліктерді жою үшін Үкіметке ұсынымдар берілгенін және олардың орындалуы бақылауда болатынын хабарлады.

Соңғы жаңалықтар