Мәскеуден Алматыға ұшқан ұшақ Астанаға қонды: не болды?

Абдрахманов Мағжан
09 қараша 2026, 17:41
Мәскеуден Алматыға ұшқан ұшақ Астанаға қонды: не болды? Сурет авторы: ЖИ иллюстарциясы

Мәскеуден Алматыға бет алған SCAT әуе компаниясының ұшағы Астана әуежайына қонды. Бұған ұшақтың борттық жүйесіндегі ескерту белгісінің іске қосылуы себеп болған, деп хабарлады әуе компаниясының баспасөз қызметі.

Компания мәліметінше, ұшу кезінде борттық жүйе жабдықтың жұмысында ықтимал ақау немесе өзгеріс барын білдіретін белгі берген. Осыдан кейін экипаж ұшақты компанияның Астанадағы негізгі әуежайына қондыру туралы шешім қабылдаған.

«Ұшақ қалыпты жағдайда қонды. Жолаушыларды Алматыға жеткізу үшін қосымша ұшақ бөлінді», – делінген компания хабарламасында.

Алайда жолаушылардың кейбірі әлеуметтік желіде оқиғаны «апатты қону» деп сипаттап, әуе компаниясының қызметіне шағымданған. Threads желісіндегі қолданушылардың бірі жолаушыларға ұзақ уақыт бойы су, тамақ және қажетті ақпарат берілмегенін жазды.

«Тіпті су да ұсынбадыңыздар. Біз наразылық білдіргенге дейін қорқып, абдырап қалған жолаушыларды сусыз, тамақсыз, ешқандай ақпаратсыз күттірдіңіздер», – деп жазды жолаушы.

SCAT өкілдері күту кезінде жолаушыларға салқын сусындар берілгенін мәлімдеді.

Әуе компаниясы ұшақтың қалыпты жағдайда қонғанын айтқанымен, борттық жүйеде нақты қандай ескерту белгісі іске қосылғанын түсіндірмеді.

Соңғы жаңалықтар