Қазақстан билігі «Яндекстің» жеке деректерді қалай сақтайтынын тексереді

Абдрахманов Мағжан
11 қараша 2026, 18:01
Қазақстан билігі «Яндекстің» жеке деректерді қалай сақтайтынын тексереді Сурет авторы: depositphotos

Қазақстанда қараша айының соңына дейін «Яндекске» қарасты бес компанияға жоспардан тыс тексеру жүргізіледі. Мамандар олардың азаматтардың жеке деректерін сақтау және қорғау талаптарын қаншалықты орындайтынын анықтайды, деп хабарлайды ТАСС агенттігі Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевке сілтеме жасап.

Тексеру «Яндекс Казахстан», «Yandex Bastau», «Яндекс. Такси Корп», «Яндекс. Еда Казахстан» және «Яндекс LLP» серіктестіктерін қамтиды. Министрдің айтуынша, мамандар бұл компаниялардың жеке деректерді қорғауға бағытталған ұйымдастырушылық және техникалық шараларын, сондай-ақ деректерді сақтау орындарына қатысты заң талаптарының орындалуын зерделейді.

Егер заңбұзушылықтар анықталса, оларды жою жөнінде ұсынымдар беріліп, жауапты тұлғаларды әкімшілік жауапкершілікке тарту мәселесі қаралады.

Жаслан Мәдиев бұл туралы Құрылтай депутаты Ләззат Жылқыбаеваның сауалына берген жауабында мәлімдеген. Депутат 11 қазанда Қазақстанда «Яндекстің» такси шақыру және тамақ жеткізу қызметтерінің жұмысында болған ақауларға назар аударған.

Сол күні Ресейдің Владимир қаласындағы компанияның деректер орталығы ұшқышсыз ұшу аппаратының шабуылынан зақымданғаны хабарланған. Осыдан кейін Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстанда «Яндекс» қызметтерінің жұмысында іркілістер байқалған.

Депутат азаматтардың телефон нөмірлері, мекенжайлары, жүріп-тұру бағыттары мен төлем деректері қай елде және қандай заң талаптарына сәйкес өңделетінін ашық түсіндіруді талап еткен.

Әзірге «Яндекс» компанияларының Қазақстан азаматтарының жеке деректерін қорғау талаптарын бұзғаны туралы ресми қорытынды жоқ. Бұл мәселе жоспарланған тексеру барысында анықталмақ.

Соңғы жаңалықтар