Семейде Лениннің 15 метрлік ескерткішін бұза бастады

Абдрахманов Мағжан
11 қараша 2026, 11:57
Семейде Лениннің 15 метрлік ескерткішін бұза бастады Сурет авторы: видеодан кадр

Семейде большевиктер көсемі Владимир Лениннің биіктігі 15 метр болатын қола ескерткішін бөлшектеу жұмыстары басталды. Ескерткіштің айналасы қоршалып, мүсіннің бас бөлігі алынып тасталған, деп хабарлады Tengrinews.kz.

Қала әкімдігінің мәліметінше, Жамакаев көшесіндегі саябақта орналасқан ескерткіш тұрғындардың бірнеше мәрте шағымдануынан кейін тексерілген. Арнайы комиссия мүсіннің тірек құрылымдарынан елеулі ақаулар анықтаған.

Атап айтқанда, металл құрылымдарды тот басып, тірек бөліктерінде жарықтар мен саңылаулар пайда болған. Мамандар ескерткіштің құлау қаупі бар деген қорытындыға келген.

«Анықталған ақаулар мен техникалық қорытындыны ескере отырып, ескерткішті апаттық жағдайда бөлшектеу жұмыстары басталды», – деп хабарлады қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі.

Биіктігі 15 метр болатын қола ескерткіш 1977 жылы Қазан төңкерісінің 60 жылдығына орай Семейдің орталық алаңына орнатылған. Кеңес Одағы тарағаннан кейін басқа жерге көшіріліп, кейін Жамакаев көшесіндегі кеңестік қайраткерлердің ескерткіштері жинақталған аллеяға қойылған.

2023 жылдың шілдесінде бұл аллеядағы мүсіндердің басым бөлігі алынып тасталған еді. Сол кезде әкімдік оларды қалпына келтіру үшін әкеткенін және жұмыстар аяқталған соң орнына қайта қойылатынын мәлімдеген.

Ал 2022 жылы Абай облысының сол кездегі әкімі Нұрлан Ұранхаев кеңестік қайраткерлер ескерткіштерін алып тастауға қарсы пікір білдірген.

Әзірге қала билігі Ленин ескерткішінің бөлшектелгеннен кейін қайда жеткізілетінін және оның қайта орнатылатынын не орнатылмайтынын хабарлаған жоқ.

Соңғы жаңалықтар