Су тасқыны мен жер сілкінісі: Қазақстанда баспананы міндетті сақтандыру мәселесі қаралып жатыр

Абдрахманов Мағжан
10 қараша 2026, 09:41
Су тасқыны мен жер сілкінісі: Қазақстанда баспананы міндетті сақтандыру мәселесі қаралып жатыр Сурет авторы: ЖИ иллюстарциясы

Қазақстанда тұрғын үйлерді жер сілкінісі, су тасқыны және табиғи орман өртінен міндетті сақтандыру жүйесін енгізу жоспарланып отыр. Бұл бастама Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық банк бекіткен 2026–2030 жылдарға арналған сақтандыру нарығын дамыту бағдарламасына енгізілді.

Жаңа жүйе алдымен үш өңірде сынақтан өткізіліп, кейін табиғи апат қаупі бар 16 өңірге таратылмақ. Оның мақсаты – баспанасы бүлінген немесе қираған азаматтарға сақтандыру төлемін беру арқылы шығынның бір бөлігін өтеу.

Бұған дейін жарияланған жоба бойынша жыл сайынғы сақтандыру жарнасы өңірдегі қауіп деңгейіне қарай шамамен 2 мыңнан 20 мың теңгеге дейін болуы мүмкін. Табиғи апаттан үйі зардап шеккен азаматқа төлеген жарнасының 500 есесіне дейін өтемақы беру ұсынылған. Бұл шамамен 1 миллионнан 10 миллион теңгеге дейінгі соманы құрайды. Алайда бұл мөлшерлер әлі түпкілікті бекітілген жоқ.

Жүйенің жұмысын қамтамасыз ету үшін тұрғын үйлерді міндетті сақтандыру қоры құрылмақ. Қор азаматтардың жарналарын жинап, табиғи апаттан зардап шеккендерге төлем жасайды. Жоспар бойынша алдымен қордың қаржысы жинақталып, содан кейін ғана тұрғын үй иелері міндетті жарна төлей бастайды.

Бағдарлама 30 қазанда бекітілгенімен, тұрғын үйді міндетті сақтандыру талабы әзірге күшіне енген жоқ. Оны жүзеге асыру үшін заңға өзгерістер енгізу қажет. Тиісті заң жобасын 2026 жылдың соңына дейін Құрылтайдың қарауына ұсыну жоспарланған.

Соңғы жаңалықтар