Нұрлан Жақыповтың орнына кім келеді? «Самұрық-Қазына» төңірегіндегі шудан кейін Бектенов мәлімдеме жасады

Редакция
18 қараша 2026, 18:08
Нұрлан Жақыповтың орнына кім келеді? «Самұрық-Қазына» төңірегіндегі шудан кейін Бектенов мәлімдеме жасады Сурет авторы: gov.kz

Жақын арада «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының жаңа басқарма төрағасы тағайындалады. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов мәлімдеді. Үкімет басшысы қордың бұрынғы басшылығының сыбайлас жемқорлық ісі бойынша қамауға алынуына байланысты инвестициялық жобалардың тағдыры мен несиегерлер алдындағы міндеттемелерге қатысты түсінік берді.

Премьер-министр қордың басшылығына қатысты тергеу амалдары жалғасып жатқанын, істің барлық мән-жайы әлі анықталатынын атап өтті. Тергеудің барысы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бақылауында.

«Жақын арада «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы болып жаңа басшы тағайындалады. Сонымен қатар, басқарудың толық сабақтастығы мен Қор қызметінің үздіксіздігі қамтамасыз етіледі», - деді Премьер-министр.

Олжас Бектенов қылмыстық істің қордың күнделікті жұмысына кері әсерін тигізбейтініне сендірді. «Самұрық-Қазына» компаниялары өз жобаларын іске асыруды жалғастырады, ал банктер, кредиторлар мен инвесторлар алдындағы қарыздар уақтылы өтеледі.

Үкімет басшысы ішкі бақылау, комплаенс және ішкі аудит механизмдерінің қайта қаралып, күшейтілетінін мәлімдеді. Ерекше назар сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының алдын алуға, мүдделер қақтығысын анықтауға, шешім қабылдау үдерісінің ашықтығын арттыруға және басшылардың дербес жауапкершілігіне аударылатын болады. Премьер-министрдің айтуынша, қылмыстық іс жекелеген лауазымды тұлғаларға қатысты болғандықтан, бүкіл қордың жұмысына күмән келтіруге негіз жоқ.

Соңғы жаңалықтар