Сәбилерді ауыстырып алу фактілеріне тосқауыл: Қазақстанда жаңа туған нәрестелерді суретке түсіру міндеттелуі мүмкін

Редакция
16 қараша 2026, 14:24
Сәбилерді ауыстырып алу фактілеріне тосқауыл: Қазақстанда жаңа туған нәрестелерді суретке түсіру міндеттелуі мүмкін Сурет авторы: depositphotos.com

Қазақстанда балалардың жеке басын дәл сәйкестендіру үшін оларды туған сәттен бастап суретке түсіру мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Бұл бастама нәрестелерді ауыстырып алу тәуекелдерінің алдын алуға және туу туралы куәліктердегі ақпараттың жеткіліксіздігін жоюға бағытталған. Мәселе 16 қарашада Құрылтайда өткен Үкімет сағатында талқыланды.

Депутат Екатерина Смышляеваның айтуынша, бүгінде баланың жеке басын куәландыратын негізгі құжат - туу туралы куәлік, алайда ол құжаттың дәл сол балаға тиесілі екенін нақты растай алмайды.

«Біз туу туралы куәлік арқылы баланың дүниеге келгені туралы мәліметті растай аламыз, бірақ, өкінішке қарай, алдымызда тұрған баланың дәл осы куәлік иесі екенін немесе басқа бала екенін айта алмаймыз. Сәбилерді ауыстырып алудың қайғылы фактілері осыған байланысты туындап отыр», - деді депутат.

Оның сөзінше, «Қазақстан балалары» тұжырымдамасында баланы туған сәттен бастап сәйкестендіруге мүмкіндік беретін тетік әзірлеу көзделген. Депутат Әділет министрлігінен туу туралы куәлікке фотосурет қосу немесе балаларды сәйкестендіру үшін бөлек құжат әзірлеу жоспарда бар-жоғын сұрады.

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова бұл мәселе өзге мемлекеттік органдармен бірлесіп пысықталып жатқанын жеткізді. Қарастырылып жатқан нұсқалардың бірі - баланың фотосуреті мен сәйкестендіру деректерін пайдалану. Дегенмен бұл ретте кәмелетке толмағандардың дербес және биометриялық деректерін қорғау туралы заңнама талаптары ескерілуі тиіс.

Өз кезегінде Әділет вице-министрі Айдар Жарылғанов қазіргі тәртіп бойынша туу туралы куәлікті рәсімдеу кезінде сәбилерді суретке түсіру қарастырылмағанын түсіндірді. Бүгінде құжат медициналық анықтама негізінде барынша автоматтандырылған түрде рәсімделеді.

Вице-министрдің пікірінше, егер жаңа туған балаларды суретке түсіру міндеттелсе, бұл рәсімді медициналық ұйымдарға жүктеуге болады. Себебі дәрігерлер сәбидің алғашқы жылдарында патронаждық қызмет аясында оның дамуын тұрақты бақылауда ұстайды.

Алайда мамандар техникалық және құқықтық қиындықтардың да бар екенін атап өтті:

  • Біріншіден, кішкентай балалардың түр-әлпеті өте тез өзгереді, сондықтан фотосуреттерді жаңарту тәртібін айқындау қажет;

  • Екіншіден, қолданыстағы заңнама кәмелетке толмағандардың биометриялық деректерін жинауды шектейді, бұл заңға түзетулер енгізуді талап етуі мүмкін.

Әзірге барлық жаңа туған нәрестелерді суретке түсіру туралы түпкілікті шешім қабылданған жоқ. Сондай-ақ фотосуреттер туу туралы куәлікке енгізіле ме, әлде бөлек құжат әзірлене ме - ол да белгісіз.

Соңғы жаңалықтар