Қазақстанда алғаш рет жасанды интеллект көмегімен заң жобасы әзірленді: Оның артында не тұр?

Редакция
17 қараша 2026, 14:39
Қазақстанда алғаш рет жасанды интеллект көмегімен заң жобасы әзірленді: Оның артында не тұр?

Елімізде заң шығару үрдісі жаңа деңгейге көтерілді. «Балалардың цифрлық және ақпараттық қауіпсіздігі туралы» жаңа заң жобасы құқықтық талдау жүргізуге қабілетті жасанды интеллект моделі кіріктірілген AI-Quryltai интеллектуалды ортасының көмегімен әзірленген алғашқы құжат болды. Бұл туралы Құрылтай вице-спикері Динара Зәкиева Үкімет сағатында мәлімдеді.

Платформаның көмегімен депутаттарға цифрлық және ақпараттық ортадағы балалар қауіпсіздігінің қазіргі жай-күйіне кешенді талдау жасалды. Бұған үлкен деректер, азаматтардың өтініштері, ата-аналар мен сарапшылардың пікірлері, сондай-ақ халықаралық тәжірибе негіз болды.

Сонымен қатар, 800 мыңнан астам нормативтік-құқықтық актілердің базасы біріктірілген AI-Quryltai арнайы оқытылған заңнамалық модель арқылы заң жобасының мәтінін тікелей құруға қатысты. Бұл өзгерістердің ауқымын арттырып, құжаттағы қайшылықтарды болдырмауға мүмкіндік берді.

«Мәселен, платформаның көмегімен жаңа қауіптер мен цифрлық технологиялардың дамуын ескере отырып, балаларды қорғау жөніндегі шаралар кешені пысықталды. Бұл барлық платформаларға «ата-ана бақылауы» тетігін, яғни балаларға арналған «сүзгі» енгізуге қатысты. Сәйкесінше, барлық таңбаланбаған және тексерілмеген цифрлық өнімдер, қосымшалар мен ойындар балаға қолжетімсіз болады. Барлығы 120-дан астам түзету әзірленді», - деп атап өтті Динара Зәкиева.

Құрылтай депутаты, жасанды интеллект зертханасының жетекшісі Екатерина Смышляева бұл жүйе заң шығару қызметінің сапасын арттыруға арналған интеллектуалды орта қалыптастырып жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, AI-Quryltai экожүйесі интеллектуалды аналитика, заңгерлік модуль, сараптама, салдарды модельдеу және мониторинг сынды бес бағытты қамтиды.

Алайда депутат жасанды интеллект заң шығаруда адамды толық алмастырмайтынын қадап айтты.

«Жасанды интеллект мемлекеттік саясаттың мазмұнын айқындамайды және құқықтық шешімдер қабылдамайды. Ол маманға нормативтік-құқықтық жағдайды толық көруге және құқықтық материалды сапалырақ дайындауға көмектеседі», - деді Екатерина Смышляева.

Сонндай-ақ, заң жобасын әзірлеу барысында ЖИ көмегімен қалыптастырылған барлық ұсыныстар шақырылған заңгерлер мен сарапшылардың қатысуымен депутаттардың тексеруінен және қосымша пысықтауынан өткен.

Қазіргі уақытта бұл заң жобасы Үкіметтің қорытындысын алуға жолдануда. Оны әрі қарай пысықтау жұмыстары Құрылтайдағы жұмыс тобы аясында жалғасатын болады.

Соңғы жаңалықтар