Қызын ернінен сүйген әкеге қатысты дау немен аяқталды: ІІМ ресми мәлімдеме жасады

Редакция
16 қараша 2026, 15:22
Қызын ернінен сүйген әкеге қатысты дау немен аяқталды: ІІМ ресми мәлімдеме жасады Сурет авторы: POLISIA.KZ

Әлеуметтік желіде қызу талқылау мен үлкен резонанс тудырған әке мен қызының видеосына қатысты тексеріс нәтижесі белгілі болды. Бұл туралы Құрылтайда өткен брифинг барысында Ішкі істер министрлігі ювеналды полиция басқармасының бастығы Асхат Дүйсембеков мәлімдеді.

Еске салсақ, бұған дейін желіде ер адамның туған күнімен құттықтап, кішкентай қызын ернінен сүйген сәті түсірілген бейнежазба тарап, қоғамда қызу пікірталас тудырған еді. Осыдан кейін Шығыс Қазақстан облысының полиция департаменті білім басқармасының өкілдерін тарта отырып, тексеріс бастағанын хабарлаған болатын.

Асхат Дүйсембековтің айтуынша, полиция қызметкерлері аталған бейнежазбаны жан-жақты зерделеген.

«Қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты бұл деректі номенклатуралық іске есептен шығару туралы шешім қабылданды», - деді басқарма бастығы.

Өз кезегінде Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова видеодағы әрекетті жол беруге болмайтын қарым-қатынас форматы деп атады. Министр биыл мектеп бағдарламасына «Жеке қауіпсіздік» атты жаңа курс енгізілгенін еске салды.

«7-сыныптан бастап оқушыларға педагог-психологтер түсіндіретін арнайы тақырыптар мен мақсаттар бар. Меніңше, бұл пән өте қажет. Әрбір бала өз шекарасын қорғай білуі тиіс. Әрбір бала өзіне қатысты ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін түсінуі керек», - деді Жұлдыз Сүлейменова.

Қоғамдық резонанстан кейін қыздың ата-анасы қазақстандықтарға үндеу жасады. Әкесінің сөзінше, ол қызын ернінен емес, бетінен сүйіп, мұрнынан иіскеген. Сондай-ақ ата-анасы полиция бөлімшесінде болғанын және жақын арада үйлеріне қорғаншылық органының өкілдері келетінін айтты. Олар желі қолданушыларынан өздеріне қатысты жазылған жағымсыз пікірлер мен жарияланымдардың скриншоттарын жолдауды сұрады.

Соңғы жаңалықтар