Мектептер мен жолдардан бастап энергетикаға дейін: Құрылтай депутаттары Жолдауды іске асыру жолдарын пысықтады

Редакция
16 қараша 2026, 15:33
Мектептер мен жолдардан бастап энергетикаға дейін: Құрылтай депутаттары Жолдауды іске асыру жолдарын пысықтады

Құрылтайдағы барлық фракция депутаттары екі апта бойы еліміздің барлық өңірін аралап, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауын түсіндіруге арналған 155 кездесу өткізді. Жиындарға 18 мыңға жуық азамат қатысты.

Кездесулер қоғамның барлық дерлік өкілдерін қамтыды: олардың қатарында өнеркәсіп орындарының еңбек ұжымдары, шаруалар, педагогтер, дәрігерлер, кәсіпкерлер, ғалымдар, студенттер мен қоғам қайраткерлері болды. Басқосуларда экономикалық даму, әлеуметтік жаңғырту, инфрақұрылым құрылысы мен технологиялық серпіліс мәселелері кеңінен сөз болды.

Өңір тұрғындарымен әңгіме күнделікті өмір сапасына тікелей әсер ететін түйткілдерден басталды. Депутаттар Президенттің «Халықтық құрылыс» бастамасы тек жаңа ғимараттар салумен шектелмей, аймақтардың нақты сұранысына сай инфрақұрылымды кешенді жаңартуды көздейтінін түсіндірді. Бұл бағытта мектептер мен ауруханаларды, мәдениет және спорт нысандарын жаңғырту, жолдар мен коммуналдық желілерді жөндеу арқылы жаңа жұмыс орындарын ашуға басымдық берілмек.

Кәсіпкерлермен, IT-мамандармен және өндіріс ұжымдарымен кездесуде инвестиция тарту, отандық өндірісті қолдау, шағын және орта бизнеске кедергілерді азайту жайы талқыланды. Депутаттар цифрландыру мен жасанды интеллектіні экономика тиімділігін арттырып, азаматтарға жаңа мүмкіндік беретін басты құрал ретінде атап өтті. Сонымен қатар энергетика саласында жаңа қуат көздерін іске қосу және электр энергиясын жинақтау жүйелерін енгізу мәселелеріне назар аударылды.

Білім беру және медицина саласының қызметкерлерімен өткен жиындарда маман даярлау сапасын еңбек нарығына бейімдеу, дәрігерлердің құқықтарын қорғау және медициналық көмектің қолжетімділігі талқыланды. Ал аграрлық сектор өкілдерімен кездесуде фермерлерді қолдау, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуді дамыту және су ресурстарын тиімді пайдалану жолдары қарастырылды.

Экономикалық жобалармен қатар, жастар және зиялы қауым өкілдерімен кездесуде ұлттық құндылықтар, қоғамдық келісім мен бұқаралық спортты дамыту мәселелері де назардан тыс қалмады. Тұрғындар депутаттар мен мемлекеттік орган өкілдеріне көкейде жүрген сауалдарын тікелей қойып, нақты ұсыныстарын жеткізді.

Депутаттардың айтуынша, өңірлердегі мұндай кері байланыс алдағы уақытта заң шығару жұмысында және реформалардың орындалуын бақылауда маңызды рөл атқармақ.

Соңғы жаңалықтар