Ет бағасы 9 есе, кір сабын 13,5 есе қымбаттады: сарапшылар соңғы 20 жылдағы бағаларды салыстырды

Редакция
16 қараша 2026, 12:03
Ет бағасы 9 есе, кір сабын 13,5 есе қымбаттады: сарапшылар соңғы 20 жылдағы бағаларды салыстырды Сурет авторы: depositphotos.com

Қазақстандағы орташа жалақы соңғы 20 жылда шамамен 12 есеге артып, 2006 жылғы 40,8 мың теңгеден 2026 жылдың II тоқсанында 486,4 мың теңгеге жетті. Ал бір адамға шаққандағы орташа айлық шығын дәл осы кезеңде шамамен 9,5 есеге өскен. Мұндай деректерді 2006 және 2026 жылдардағы халықтың кірісін, шығынын және күнделікті тұтыну тауарларының бағасын салыстырған Freedom өмірді сақтандыру компаниясының сарапшылары жариялады.

Дүниежүзілік банктің дерегінше, Қазақстанның номиналды ЖІӨ-сі 2006 жылғы 81 млрд доллардан 2025 жылдың қорытындысы бойынша 300 млрд доллардан асты. Ал 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында елдің ЖІӨ көлемі 71,22 трлн теңгені құрады.

Ең төменгі жалақы жиырма жылда 9 200 теңгеден 85 000 теңгеге дейін, яғни 9 еседен астам өсті. Орташа жалақы 40 790 теңгеден 486 388 теңгеге жетті. Алайда номиналды өсім сатып алу қабілетінің артқанын білдірмейді. Мәселен, 2006 жылы инфляция 8,4% болғанда нақты жалақы 10,3%-ға өссе, 2026 жылдың II тоқсанында номиналды жалақы 8,4%-ға артқанымен, инфляцияның (шамамен 10,4%) әсерінен нақты жалақы 1,8%-ға төмендеген.

2006 жылы халықтың ақшалай шығыны айына орта есеппен 12,6 мың теңге болса, 2026 жылдың II тоқсанында бұл көрсеткіш айына 119,5 мың теңгеге (тоқсанына 358,6 мың теңге) жетті.

Тұтыну құрылымы да айтарлықтай өзгерген. Егер 2006 жылы азық-түлікке шығындардың 39,2%-ы жұмсалса, 2026 жылы бұл үлес 50,5%-ға дейін өсті. Қалған шығындар былай бөлінген:

  • ақылы қызметтер – 20,7%;

  • азық-түлік емес тауарлар – 19,5%;

  • несиелер мен қарыздарды өтеу – 7,3%;

  • туыстарға көмек және алименттер – 1,9%;

  • салықтар мен өзге төлемдер – 0,1%.

Сарапшылар күнделікті тұтынатын тауарлардың бағасын салыстырып, мынадай өзгерістерді анықтады (2006 жыл және 2026 жыл):

  • Кір сабын (200 г): 31 теңгеден 420 теңгеге дейін - 13,5 есе қымбаттаған (ең жоғары өсім);

  • Сиыр еті (1 кг): 422 теңгеден 3 810 теңгеге дейін - 9 есе;

  • Теледидар: 35 000 теңгеден 280 000 теңгеге дейін - 8 есе;

  • Тоңазытқыш: 48 000 теңгеден 350 000 теңгеге дейін - 7,3 есе;

  • Өсімдік майы (1 л): 163 теңгеден 906 теңгеге дейін - 5,6 есе;

  • Ерлер жейдесі: 1 965 теңгеден 9 990 теңгеге дейін - 5,1 есе;

  • Шалбар: 3 421 теңгеден 16 000 теңгеге дейін - 4,7 есе;

  • Бірінші сұрыпты ұннан пісірілген нан (1 кг): 51 теңгеден 230 теңгеге дейін - 4,5 есе;

  • Жұмыртқа (10 дана): 142 теңгеден 593 теңгеге дейін - 4,2 есе;

  • АИ-92 бензині (1 л): 73–88 теңгеден 247 теңгеге дейін - 2,8–3,4 есе (ең баяу өсім).

Талдаушылар тұрмыстық техника бағасын салыстырудың шартты екенін атап өтті, себебі жиырма жылда теледидар мен тоңазытқыштардың технологиялық сипаттамалары түбегейлі жаңарған.

Бағаның өсуі жинақтардың құнсыздануына әкеледі. Жылдық инфляция 10% болған жағдайда, бүгінгі 1 млн теңге тұратын тауарлар үш жылдан кейін шамамен 1,33 млн теңгеге айналады.

Қазақстандықтар үшін негізгі жинақ құралы әлі де банктік депозиттер болып отыр: 2026 жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша жеке тұлғалардың салымдары 28,6 трлн теңгеге жетті. Сонымен қатар ұзақмерзімді жинақтау үшін азаматтар облигациялар, акциялар, биржалық қорлар (ETF) және жинақтаушы өмірді сақтандыру бағдарламаларын пайдалана бастаған.

Соңғы жаңалықтар